Ұрлық, тонау және бопсалаушылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік басталатын жасты 14-тен 16-ға дейін ұлғайту көзделеді

АСТАНА. Маусымның 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Ұрлық, тонау және бопсалаушылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік басталатын жасты 14-тен 16-ға дейін ұлғайту көзделеді

Енді құжат Парламент Сенатына жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасының мақсаты кәмелетке толмағандардың құқықтарын, бостандықтарын, мүдделерін қорғау деңгейін арттыру болып табылады. Сонымен бірге, құжат аясында баланың құқықтарын қорғау мен кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған құқықтық шаралар жүйесін кеңейту көзделеді. Осыған орай, заң жобасында ұрлық, тонау және бопсалаушылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік басталатын жасты 14-тен 16-ға дейін ұлғайту көзделеді. Кәмелеттік жасқа толмаған баланы жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін жауаптылықты қатайту көзделетін бап та қамтылып отыр. Бұдан бөлек кәмелетке толмаған баланың эротикалық сипаттағы заттар мен материалдарды сатуына тыйым салынады. Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасаған адамдардың - ата-аналардың, педагогтардың не он алты жасқа толмаған адамдарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттер заңмен жүктелген өзге де адамдардың, сондай-ақ олар бірнеше рет жасалғанда қылмыстық жауаптылығының шаралары едәуір күшейтіледі.

Құжатта сондай-ақ кәмелетке толмағандарды олардың денсаулығына зиян тигізетін ауыр жұмыстарға немесе олардың білім алуына кедергі келтіретін жұмыстарға тартуға тыйым салынады. Заң жобасы бойынша дамыған елдердің балалар құқы бойынша тәжірибелері зерделеніп, ескерілген.