Үрімжі ауданында әртүрлі ұлттық ойындарынан кейін мың адамдық қара жорға биі биленеді - шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
Түркия экспорты 13,8 пайыз өсті - TRT
Түркия Статистика мекемесі сыртқы сауда деректерін жариялады. Түркияның 2024 жылдың шілде айындағы экспорт көлемі өткен жылдың шілде айымен салыстырғанда 13,8 пайызға өсіп, 22 миллиард 510 миллион долларға жеткен.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, Түркия Статистика мекемесі сыртқы сауда деректерін жариялаған. Осыған сәйкес 2024 жылдың шілде айындағы экспорт көлемі өткен жылдың шілде айымен салыстырғанда 13,8 пайызға өсіп, 22 миллиард 510 миллион долларға жеткен. 2024 жылдың қаңтар-шілде аралығындағы экспорт көлемі өткен жылдың қаңтар-шілде кезеңімен салыстырғанда 4,1 пайызға артып, 148 миллиард 738 миллион долларға шыққан.
Қазақстанның Энергетика министрлігінің басшысы Қытайға сапармен келді - «Халық газеті»
29-30 тамыз аралығында Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастаған қазақстандық делегация ҚХР-ға ресми сапармен келді деп жазды Қытайдың «Халық газеті» ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Ақпарат көзінің келтірген дерегіне сүйенсек, Қазақстан Энергетика министрлігінің басшысы ҚХР ірі энергетикалық компанияларының өкілдерімен және мемлекеттік органдармен бірқатар кездесулер өткізген.
Тараптар елдердің энергетика саласындағы ынтымақтастығының перспективалары туралы пікір алмасты.
Сапар барысында қытай тарапы қазақстандық делегацияны компанияның көрме павильонымен таныстырып, Қытай аумағында да, одан тыс жерлерде де жүзеге асырылып жатқан жобаларды таныстырған.
Қазақстан елшісі суретші Орал Таңсықбаевтың өнер туындыларымен танысты - «ӨзА»
Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Бейбіт Атамқұлов атақты суретші Орал Таңсықбаевтың Ташкенттегі мемориалдық мұражай-үйіне барып, оның өнер туындыларымен танысты, деп хабарлайды өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі.
Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, биыл Орталық Азия елдерінің көркем сурет өнерінің негізін қалаушыларының бірі Орал Таңсықбаевтың туғанына 120 жыл толуына орай, осы мерейлі дата Қазақстан мен Өзбекстанда кеңінен аталып өтуде.
Елші танымал қылқалам шеберінің сызған өнер туындыларын, сондай-ақ оның өмірі мен шығармашылығын баяндайтын жеке заттары және мұрағаттық материалдарын қамтитын мұражай экспозициясымен танысты.
Музей директоры Фарход Жалиловпен әңгімелесу барысында дипмиссия басшысы келесі жылы Қазақстанда атақты өзбекстандық суретші Орал Таңсықбаевтың көрмесін өткізу жоспарланғанын атап өткен.
Айта кетейік, Орал Таңсықбаев 1904 жылы Ташкент қаласында туып, 1974 жылы Нүкісте қайтыс болған. Кескіндемеші, КСРО халық суретшісі (1963), КСРО Көркемсурет академиясының толық мүшесі (1958). Орал Таңсықбаевтың ұлты – қазақ.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Регистанда әлем халықтарының әндері орындалуда» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Келтірілген мәліметтерге сүйенсек, «Шығыс әуендері» ХІІІ халықаралық музыка фестивалінің бірінші күні самарқандықтар мен шетелдік туристер түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің ұлттық әндерін тыңдады.
Атап айтқанда, фестивальдің бірінші күні Болгария, Латвия, Судан, Грекия, Үндістан, Қазақстан, Иран, Түркіменстан, Жапония, Малайзия, Моңғолия, Әзербайжан елдерінің өкілдері ұлттық әндерді орындаған.
Алтайдың Мөңке жайлауында дәстүрлі мәдениет фестивалі өтті - «Алтай ақпарат орталығы»
25 тамыз күні кеште «Жайлаудағы халықтық салт-дәстүр, Мөңкедегі рок кеші» деп аталатын Шыңжаң халықтық мәдениет фестивалі Алтай қаласына қарасты Мөңке жайлауында салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Қытайдың «Алтай ақпарат орталығы» басылымы.
«Алтын сахара», «Алтайым», «Ай нұры» қатарлы туындыларды әнші, сазгер Жан Чу сахнада орындап, домбыра шертіп тосын сый сыйласа, танымал әнші Арай Айдарқанұлы да жерлестеріне ерекше әндерін тарту етті. Осы сияқты концертпен қатар қызқуар, көкпар, балуанға түсу қатарлы өзгеше тартымды ұлттық спорттық жарыстар өткізілді. Сонымен қатар қазақтың дәстүрлі киіз басу өнері, құрт жасау өнері көпшілікті тәнті қылған. Әртүрлі дәмді тағымдар көптің көңілінен шыққан.
Қытайдың Гуандун провинциясынан келген Хуан Шин Алтайдың көрінісі өте көркем екендігін, әртүрлі дәмді тағамдардан дәм татқанын, Мөңке жайлауындағы спорттық, мәдениет кеші көзаясын кеңейткенін айтқан.
Алтай қалалық Мәдениет, спорт, радио-телевизия және саяхат мекемесінің төрағасы Ли Иун айтуынша, алдағы уақытта осы секілді мәдениет, спорттық және саяхат іс-шараларын үнемі өткізу арқылы егінші-малшылардың кірісін арттыруға күш салынбақ.
Үрімжінің Наньшань тауында мың адамдық қара жорға биі биленеді - Harajorga
Аптаның соңында Үрімжіның Наншан тауында екі күн бойы туристік мәдениет іс-шарасы өткізіледі. Үрімжі аудандық мәдениет, спорт, радио, телевидение және туризм бюросының хабарлауынша, 31 тамыз күні «Наньшань фирмасындағы жылқы музыка фестивалі» Ластай көрініс аумағында өткізілсе, 1 қыркүйекте Үрімжі ауданындағы Шыбайянгоу ипподромында «Тяньшаннан туған жарық ай» атты мәдени туризм тақырыбына арналған іс-шаралар өтеді.
Бұл туралы осы аптада қытайлық «Harajorga» әлеуметтік желісінде хабарланды. Аталған БАҚ-тың мәліметінше, бұл жолы өтетін екі күндік шараның мазмұны бай болғандықтан көрермендерді қызықтырмай қоймайды.
Атап айтқанда «Наньшань фирмасындағы жылқы музыка фестивалі» өткізілетін күні түстен бұрын алаңнан жылқы, сыйыр, қой, түйелерден құралған таңғы шоумен басталады. Одан кейін әртүрлі ат өнері, қыз қуу сияқты ұлттық ат спорты ойындары өтеді. Ал түстен кейін, ақындар айтысымен жалғасын тауып, ары қарай мың адамдық қара жорға биі биленеді. Сондай-ақ Шыңжаңның іші-сыртына белгілі әншілер, оркестрлер көпшілікке 40-тан астам ән, күй ұсынады.
«1 қыркүйек күні, Үрімжі ауданында өткізілетін 2024 жылғы «Тяньшаннан туған жарық ай» атты мәдени туризм тақырыбына арналған іс-шараларда күрес, ат байгесі сияқты спорттық ойындармен қатар қыз қуу, теңге ілу, көкпар, сондай-ақ, ақындар айтысы, ұлттық қолөнер бұйымдары мен ауыл шаруашылық өнімдер жәрмеңкесі болады», - деп деп түйіндейді қытайлық БАҚ.
Иранның 7 ғасырлық тарихы бар құпияға толы көне қамалы - Parstoday
«Фалак ул-афлак» қамалы – Иранның Луристан облысында орналасқан ең маңызды тарихи ескерткіштерінің бірі. Қамал ұлттық мұра тізіміне тіркелген. Сасанилер дәуіріне (б.з. 3-7 ғғ) тиесілі бұл салтанатты қамал Луристан облысының Хоррамабад төбелерінде орналасқан. 7 ғасырлық тарихы бар қамал жыл сайын көптеген ирандық және шетелдік туристерді қабылдайды, - деп жазады Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі.
Аталған ақпарат агенттігінің осы мақаласында Луристан облысының асыл тасы «Фалак ул-афлак» қамалы жайлы кеңінен баяндайды.
Ирандық басылымның дерегінше, «12 мұнара» деген атпен де танымал «Фалак ул-афлак» қамалы – Хоррамабад қаласының ортасындағы көне төбелердің үстінде орналасқан. Ол 651 жылы Сасанилер заманында салынған екен. Тарихи деректер бойынша, қамал көбіне түрлі патшалар орналасқан резиденция болған. Кейбір тарихи кезеңдерде оны түрме ретінде де пайдаланған.
Аталған тарихи қамалдың жобасы туралы айтар болсақ, қамал 5300 шаршы метр ауданды алып жатыр. Тас, кірпіш, шикі кірпіш, алебастр мен әктастан салынған.
Айта кетейік, «Фалак ул-афлак» сөзі «аспандардың аспаны» деген мағына береді. Бұл атау Қаджарлар заманында (1789-1925) осы қамалға берілген. Сол заманнан бүгінге жетіп отыр. Шын мәнінде қамалдың атауы кіреберіс қақпасында аспанның он екі шоқжұлдызын білдіретін 12 мұнараның болуымен байланысты болуы мүмкін. Бұдан бөлек, қамал атауы оған қол жеткізудің қиындығын білдіретін метафора болуы ықтимал. Аталған «аспандардың аспаны» туралы жазылған мақаланы «Parstoday» ақпарат агенттігінен толықтай оқи аласыз.