Ұрпақ тәрбиесі қоғамның ең өзекті мәселесі - Тұлғаны әлеуметтендіру институтының директоры

АЛМАТЫ. Қазанның 6-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанда білім беру мекемелеріндегі тәрбие жұмыстарының тұжырымдамасы  1995 жылы қабылданған болатын.

Ұрпақ тәрбиесі  қоғамның  ең өзекті мәселесі  -  Тұлғаны әлеуметтендіру институтының директоры

Ол қазіргі кезде  уақыт талабына толық жауап бере алмай отыр. Оны Ыбырай Алтынсарин атындағы білім академиясының Тұлғаны әлеуметтендіру институтының директоры Мария Демеуова   ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Мария Есжанқызының айтуынша, жас ұрпақтың тәрбиесі барлық кезеңде де қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі болды. Ол  алдағы уақытта да ешқашан  өз маңызын жоймайды.

"Бізде тәрбие мәселесіне арналған көптеген нормативтік құжаттар бар. Соның бірі - тәрбие тұжырымдамасы. Оның ең соңғысы 1995 жылы қабылданды. Оны жаңарту мақсатында 2008 жылы ақпанның 28-29 күндері  Алматыдағы мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында республикалық семинар-кеңес өткізілді. Барлық құзырлы органдардың жетекшілері мен ғалымдардың басын қосқан бұл алқалы жиын тәрбие жұмысына қатысты ой-пікірлерді жинақтап, жаңа құжат жасауды көздеді. Осы басқосуден кейін белгілі ғалымдар мен еліміздің білім беру жүйесіне қатысы бар сарапшы мамандардың қатысумен жаңа тәрбие тұжырымдамасының жобасын  әзірлеу жұмысы басталды", дейді Ыбырай Алтынсарин атындағы білім академиясының Тұлғаны әлеуметтендіру институтының директоры М. Демеуова.

Арнайы құрылған жұмыс тобында 1,5-2 айдың ішінде әзірленген бұл жобаның таныстырылымы биыл Астанада өткен еді. Қазір ол барлық білім департаменттеріне таратылып, түрлі деңгейдегі алқалы жиындарда жан-жақты талқылануда. Мария Есжанқызының сөзіне қарағанда, "Үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы" деп аталатын жаңа жобаны енді  жақын арада Білім және ғылым министрі бекітеді деп жоспарланып отыр. Бұл тұжырымдаманың  басты ерекшелігі онда бұған дейін жеке-жеке қарастырылып келген мектепке дейінгі, мектеп жасындағы, кәсіптік және жоғары білім беру мекемелеріндегі  тәрбие жұмысы бір  жүйеге келтіріліп  отыр.