Ұрпақ жалғастығын сақтаған отбасы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгінде әскери қызметшілер арасында көпбалалы отбасылар жетерлік. Осындай ұрпақ жалғастығын бірінші орынға қойып отырған отбасылардың бірі – Ербол мен Жұлдыз. Бүгінгі материалымыз тоғыз бала тәрбиелеп отырған отбасы жайлы болмақ.

Ұрпақ жалғастығын сақтаған отбасы
Фото: Отбасының жеке мұрағаты

Шаңырақтың иесі, аға сержант Ербол Мақұлбаев Ақтау өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасында бөлімше бастығы болып қызмет атқарады. 1983 жылы 16 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданы Ботамойнақ ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Есенқұл ұзақ жылдар ауыл шаруашылығында механик болып жұмыс істеген. Анасы Орынбасар үй шаруасында бала тәрбиесімен айналысқан. Бүгінде екеуі төрт баласынан бірнеше немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.

Ерболдың Нұрбол, Ержан, Нұрлан деген бауырлары да Қазақстан Қарулы күштері қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы борышын өтеген.

Ербол 2000 жылы туған жеріндегі Свердлов атындағы орта мектепті бітіріп, Тараз қаласындағы М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Экономика және менеджмент» факультетіне оқуға түседі. 2003 жылы әскер қатарына шақырылып, Астана қаласындағы 6636 әскери бөлімінде борышын өтеді. Әскерден соң оқуын жалғастырып, 2006 жылы бітіріп шығады.

2008 жылы 1 шілдеде Қарулы Күштер қатарына келісімшарт бойынша шақырылып, Тараз өңірлік гарнизонының Әскери полиция басқармасында еңбек жолын бастайды. Сол жерде 11 жыл табан аудармай қызмет етті. 2019 жылғы ақпан айында Ақтау өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасы әскери полиция бөлімінің бөлімше бастығы – патруль бастығы лауазымына тағайындалды.

Өмірлік серігі Жұлдыз Әлиасқарқызы Жамбыл облысы Луговой ауданының тумасы. 1988 жылы 21 қаңтарда «Жылқы зауыты» ауылында дүниеге келген. Ол да М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Экономика және менеджмент» факультетінің түлегі. Екеуі университет қабырғасында оқып жүргенде танысып, 2005 жылы наурыз айында шаңырақ көтерген.


2006 жылы дүниеге келген тұңғышы Сезім бүгінде студент. Алматыдағы «Сымбат» дизаин колледжінде оқиды. Сезімнің сіңлілерінің алды Жәмила, Жанерке, Ұлдана, Назым, Назерке – мектеп оқушылары. Кішкентай Назгүл, Нариман, Ұлжан әзірге үйде, анасының тәрбиесінде.

Көпбалалы үйдің балалары өте бауырмал келеді деген ұғым бар. Апалы-сіңлілі бауырлар үнемі бір-біріне қарайласып, анасына көмектесіп жүреді.

Ербол мен Жұлдыз бала тәрбиесін ұдайы назарда ұстайды. Олардың сабақтан бос уақытта пайдалы іспен айналысуын қадағалайды. Мектепте оқитын қыздары түрлі үйірмелерге қатысып тұрады.

Әскери салада, оның ішінде әскери полиция басқармасында қызмет атқарған соң Ерболға жүктелер жауапкершілік те салмақты. Қызметінің өзіне ұнайтынын мақтанышпен айтады.

Әскери полиция қызметкерлері бөлімшелердің, құрамалар мен әскери қалашықтардың аумағындағы заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар ауқымды жаттығулар кезінде арнайы тапсырмаларды да орындайды. Ондайда апталап үй көрмей кетуі – заңдылық. Отбасындағылар оған әлдеқашан үйренген, үнемі қолдау көрсетіп келеді.

Ерболдың еңбегі басшылық тарапынан да бағаланды. Оның осындай дәрежеге жетуіне аяулы жары Жұлдыз Әлиасқарқызының және қыздарының септігі тиді десек, артық болмас.