Уругвай футболдан әлем чемпионатының соңғы қатысушысы болды
АСТАНА. Қарашаның 19-ы. ҚазАқпарат - Уругвай футболдан 2010 жылғы әлем чемпионатының ақтық кезеңіне шықты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Лента.Ру сайтына сілтеме жасап.
Қарашаның 18-інен 19-ына қараған түні Коста-Риканың командасымен қарымта ойынында тең ойнады (1:1) және екі ойынның жиынтығы бойынша жеңіске жетті. Қарашаның 14-інде өткен бірінші ойында Уругвай 1:0 есебімен ұтқан болатын.
Қарымта ойын Уругвайдың астанасы Монтевидеода өтті. 70-інші минөтте уругвайлық Себастьян Абреу есеп ашты. Төрт минөттен соң Коста-Рика құрамасының ойыншысы Вальтер Сентено жауап доп соқты, бірақ қонақтар одан әрі нәтиже көрсете алмады.
Осылайша, Әлем чемпионаты-2010 финалдық кезеңіне мына елдердің құрамалары қатысады: Оңтүстік Африка Республикасы, Дания, Швейцария, Словакия, Германия, Испания, Англия, Сербия, Италия, Голландия, Словения, Грекия, Португалия, Франция, Бразилия, Чили, Парагвай, Аргентина, Уругвай, АҚШ, Мексика, Гондурас, Камерун, Нигерия, Гана, Кот-д'Ивуар, Алжир, Австралия, Жапония, Оңтүстік Корея, КХДР және Жаңа Зеландия.