Уругвай Президенті: Суаресті психиатрға көрсеткен жөн
АСТАНА. ҚазАқпарат - Уругвай Президенті Хосе Мухиканың айтуынша, «Барселонаның» және Уругвай құрамасының шабуылшысы Луис Суарестің проблемасын шешуге санкциялар көмектеспейді.
Мухика әлем чемпионаты кезінде Луис Суарес Италия құрамасының қорғаушысы Джорджо Кьеллиниді тістеген соң-ақ оны психиатрға көрсету керек еді деді.
«Суарестің бас ауруынан зардап шегеді. Себебі ол өте кедей отбасында өсті. Қатты ашуланған кезде ол шектен шығып кетуі мүмкін», - деді Мемлекет басшысы.
Италия құрамасының қорғаушысы Джорджо Кьеллиниді тістегені үшін Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) Суаресті ойыннан дисквалификациялаған болатын.
Ол енді Уругвай құрамасының 9 матчына, сондай-ақ 4 ай бойы футболға қатысты ешбір шараға қатыса алмайды.