«Ұрылар тоя ма, ұрлығын қоя ма?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 18     мамыр, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Ұрылар тоя ма, ұрлығын қоя ма?» - республикалық басылымдарға шолу

***

19-20 мамырда Астанада «Шабыт» концерт залында «Өздерің білер Нартаймын» деген атпен әнші-жыршылардың республикалық І конкурсы өтеді. Бұл өнер жарысын Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым минис­тр­ліктері, Қызылорда облысы Шиелі ауданының әкімдігі, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер уни­верситеті, Қорқыт атындағы өнертану ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырып отыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қадағалауымен дәйекті түрде жүзеге асырылып келе жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында өткізілгелі отырған үлкен шараның мақсаты - ХХ ғасырдағы қазақ өнері мен мәдениетінің аса көрнекті өкілі - майталман өнерпаз: әнші, жыршы, ақын, сазгер Нартай Бекежанұлының (1890 - 1954) мәнері өзіндік ерекше шығар­ма­шы­лығын рес­пуб­ли­ка­лық деңгейде насихаттау, жас ұрпақтың ұлттық дәстүрлі өнерге ын­та-ықыласына серпін беру, Нартайдың азаматтық, өнерпаздық бірегей тұлғасын таныта түсу.  Осы игілікті тың шараны насихаттауға қосқан үлес ретінде «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Сүлейлердің сүйрігі» мақаласы оқырман назарына ұсынылып отыр.

 

«Ашынғаннан айтып отырмын. Әлқиссаны басынан бастайын. Мен 1996 жылы ауданда алғаш рет бастама жасап, шаруа қожалығын құрып, отбасымыз және жұмыссыз отырған туғанда­ры­мыз­дың басын қосып заңдастырып алған 20 гектар егістік жерге бау-бақша ектім. Одан әрі мал бағатын және мал азы­ғын­дық шөп дайындайтын 500 гектар жер сатып алдым. Еңбегіміз зая кеткен жоқ, жыл сайын әл-ауқатымыз артып, жағда­йы­мыз жақсар­­­ды. Тіпті жаз мезгілінде жемшөп дайын­­дауға сырттан адам алып, оған еңбекақы төлеп жұмыс істету дәрежесіне дейін жет­тік. Үкіметіміздің қолдауы арқасында несие алып, мал басын арттыра түстік. Бірақ біздің бұл қуанышымыз ұзаққа бармады»,-дейді Арал ауданындағы «Баби» шаруа қожалығының төрағасы. Бұл мәселе мал барымтасына қатысты көтеріліп отыр.«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Ұрылар тоя ма, ұрлығын қоя ма?» атты тақырыппен жарық көрді.

***

 «Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Маскүнемдер медбикелерге бағынбай жатыр» атты мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, осыдан екі жыл бұрын қолға алынған құқық қорғау саласындағы реформаға сәйкес, медициналық айықтырғыштар Ішкі істер министрлігінің қарауынан алынып, Денсаулық сақтау министрлігінің құзырына өткен болатын. Жұмыс тиімділігін арттырады, гуманистік қадамға апарады делінген осындай игі шарадан да кінәрат шыға бастаса керек. Кеше Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы мас күйінде айықтырғыштарға әкелінетіндерге ақ халатты абзал жанның қамқорлығынан гөрі «қызыл жағалылардың» қызмет-қарекеті көбірек керектігін алға тартты.

Осы басылым бетінде  2012 жылғы 17 мамыр күні Ақтау қалалық сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 2, 4 бөлімі 308-бабымен  айыпталған Ж. Теміровке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жарияланғаны жазылып отыр. Аталған қылмыстық  іс жөніндегі сот отырысы барлық мүдделі тараптардың қатысуымен ашық жағдайда өтті. Сот залына кіріп, іс барысын бақылауға БАҚ өкілдерінің де, Қазақстан жұртшылығының да, халықаралық бақылаушылардың да мүмкіндігі болды. Сот үкіміне сай, Ж. Теміров  ҚР-сы ҚК-нің 4 бөлімі 308 бабында көрсетілген қылмыс бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 5 жылға құқық қорғау органдарында қызмет ету құқығынан айырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, ол жазасын жалпы режімдегі колонияда өтейтін болды. Бұл материал  «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Жаңаөзеннің уақытша оқшаулау абақтысының бұрынғы бастығы 5 жылға бас бостандығынан айырылды» атты тақырыппен берілген.

***

«Айқын» басылымының жазуынша, Қазақстанда «қолма-қолсыз есеп айырысудан» бас тартқан кәсіпкерлер жазаға тартылады, ол ол ма, енді әмиянның орнына, төлем карталарын алып жүретін адамдардың бетін қайтарған бизнесмендерге қатысты шара қолданылмақ. Ел Үкіметі осылайша қазақстандықтардың қалтасындағы қаржысының айналымын бақылауды оңайлататын «электронды ақшаның» «басқыншылығына» жол ашты! Бұл мәселенің мән-жайын «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Енді қаржы айналымы бақылауда болады» атты мақаладан іздеңіз.

 Сондай-ақ осы басылым кеше Үкімет басшысының орынбасары Қайрат Келімбетов бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары-бас редакторлармен арнайы кездесіп, Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылғалы отырған  «Халықтық ІРО» бағдарламасы жайында әңгімелескенін жазады. «Ол ең үздік Ұлттық компаниялардың акцияларын халыққа сатуды қарастырады. Мұндағы мақсат - халықты мемлекеттің экономикалық өсіміне қатыстыру болып табылады»,-деді Қ. Келімбетов.  Бұл маңызды кездесу жөнінде «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Акциядан ақшаңды аяма» атты мақаласынан оқыңыздар.

***

 «Атырауда 19 жасар қала тұрғыны қамауға алынды. Жігітті кәмелетке толмаған қызды алып қашты деп айыптап отыр. Яғни, қыздың келісімінсіз ол үйленбекші болған», деп жазады «Экспресс К» басылымы «Объявляю тебя своей женой» атты мақалада. 17 жасар қыздың анасы қызы  кешке мектептен оралмағаннан кейін дабыл қақты. Полиция қызметкерлері жоғалған қызды іздеуге кіріскенімен, ол бір тәуліктен кейін үйге өзі келді. Сөйтсе, аталған жігіт бір ай бұрын танысқан осы қызды маңызды әңгіме бар  деген желеумен шақырып алып, «осы сәттен бастап сен менің зайыбымсың» деп машинаға отырғызып, алып кеткен.