US Open: Заңғар Нұрланұлы мен Дамир Жалғасбай жұптық сында жеңіске жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисшілер Заңғар Нұрланұлы мен Дамир Жалғасбай жұптық сында жасөспірімдер арасында АҚШ ашық чемпионатының 1/8 финалына шықты.

US Open: Заңғар Нұрланұлы мен Дамир Жалғасбай жұптық сында жеңіске жетті
Фото: Дамир Жалғасбай

Қазақстандық жұп бастапқы кездесуін колумбиялық Алехандро Арсила – америкалық Максимус Дюссомен өткізді.

Бірінші партияда Заңғар мен Дамир тай-брейкте табандылық танытты – 7:6 (8:6).

Екіншісінде колумбиялық-америкалық дуэт есе қайырды – 6:4.

Супер тай-брейкте Нұрланұлы мен Жалғасбай жеңісті жұлып алды – 10:8.

Тартысты бәсеке сағат жарымнан астам уақытқа созылды.

Заңғар Нұрланұлы мен Дамир Жалғасбай ширек финалға шығу үшін германиялықтар, жекелей сында жасөспірімдер арасында 2025 жылғы Ролан Гаррос турнирінің чемпионы Нильс Макдональд – сол жарыстың финалисі Макс Шёнхауспен таласады. 

Н.Макдональд пен М.Шёнхаус АҚШ ашық чемпионатында жұптық сында екінші ракетка ретінде тіркелген. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Заңғар Нұрланұлының сенсация жасап, үшінші айналымға шыққанын жазған едік