US Open: Зарина Дияс пен Андрей Голубев жұптық сында екінші айналымға өтті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Зарина Дияс пен Андрей Голубев US Open турнирінде жұптық бәсекелерін сәтті өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
З.Дияс ресейлік Варвара Грачевамен бірге алғашқы айналымда жапониялық Мисаки Дои – германиялық Анна-Лена Фридзаммен шеберлік байқасты.
Бірінші сетте тай-брейкте қазақстандық-ресейлік жұп тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:5). Екінші партияны қарсыластары өз есебіне жазды – 6:4.
Шешуші, үшінші сетте Зарина мен Варвара басымдылық көрсетті – 6:2.
2 сағат 19 минутқа созылған тартысты матчта З.Дияс пен В.Грацева 2 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың жартысын мүлт жіберген жоқ. Жапониялық-германиялық жұп 4 эйс, 6 брейкке (13 брейк-пойнт) қол жеткізді.
З.Дияс пен В.Грачева екінші айналымда АҚШ ашық чемпионатының жұптық сындағы 15-ракеткалары, чехиялықтар Мария Боузкова – Луция Градецкаямен кортқа шығады.
Ерлер арасында жарыстың 15-ракеткалары болып тіркелген Андрей Голубев пен германиялық Андреас Мьес бастапқы кездесуін испаниялықтар Педро Мартинес – Альберт Рамоспен өткізді.
Қазақстандық-германиялық жұп 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Сағат жарымға жуық уақытқа созылған матчта А.Голубев пен А.Мьес 3 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.
А.Голубев пен А.Мьес екінші айналымда босниялық Томислав Бркич – сербиялық Никола Качичтің шамасын байқап көреді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын US Open турнирінде Александр Бубликтің бес сетте созылған матчта жеңіліп қалғанын, Қазақстан балалар құрамасының Азия командалық біріншілігінің финалдық кезеңіне жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакина төртінші айналымға шыға алмады.