USAID Орталық Азияда АҚТҚ мен туберкулездің алдын алуға бағытталған жаңа бағдарламаларымен таныстырды
АЛМАТЫ. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Орталық Азия халықтары арасында АҚТҚ мен туберкулез сияқты таралу қаупі төніп тұрған дерттің алдын алу жөніндегі бағдарлама ресми түрде басталды.
Бұл жайында бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігі (|USAID) тарапынан қаржыландырылатын жобаның басталғаны жайлы мәлім етем. Жалпы құны 15 миллион АҚШ доллары болатын бес жылдық бағдарлама АҚТҚ мен туберкулез сырқатын жұқтырып алу қаупі төніп тұрған ортаға арналған», дейді АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы уақытша өкілі Памела Спратлен.
Оның айтуынша, бұл дертке жеңіл жүрісті әйелдер, есірткі пайдаланушылар, сотталғандар мен мигранттар көптеп шалдығады. «Дегенімен, ол адамдар қоғамымыздың бір бөлігі болып саналғандықтан АҚТҚ мен туберкулездің алдын алу шараларын жасауымыз керек», дейді П.Спратлен.
«Аутрич денсаулық қорғаны» бағдарламасы аясында өңірлік бағдарлаушы комитеті құрылып, ол аталған аумақтарда бағдарламаның қызметін үйлестіру, зерттеу жүргізу және оның нәтижелерін бағалау мәселелеріне жәрдемдеспек.
«Аутрич денсаулық қорғаны» бағдарламасы АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігінің көптеген жобаларының бірі болып табылады. Бағдарламаны серіктестіктер консорциумы жүзеге асырады, оның құрамына «PSI», «ХОУП», «Шығыс-Батыс» қоры және «ҚР-ғы АҚТҚ сырқатына шалдыққан адамдардың қазақстандық одағы» қоғамдық қоры кіреді.
2008 жылы Қазақстанда 2500-ден астам адам туберкулез дертінен қайтыс болған, 14 мыңнан астамы жаңадан сырқатқа шалдыққан. Мұндай жағдай Орталық Азияның басқа елдерінде де сақталып отыр. Сондай-ақ жиын барысында АҚТҚ сырқатымен ауыратындардың туберкулезге шалдығу факторы айрықша маңыз алып отырғандығы айтылды.