Усама бен Ладеннің көмекшісі қалған өмірін түрмеде өткізу жазасына кесілді
АСТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат - Усама бен Ладеннің бұрынғы көмекшілерінің бірі - Мамдух Махмуд Салим түрме күзетшілерінің бірін өлтірмек болғаны үшін қалған өмірін түрмеде өткізу жазасына кесілді,
деп хабарлайды «РИА «Новости» агенттігі батыс басылымдарына сілтеме жасап.
2000 жылы Нью-Йоркте Манхэттендегі түзету мекемесінің күзетшісі Луис Пепенің өміріне қастандық жасалған кезде, Салим АҚШ азаматтарына қарсы лаңкестік әрекеттер жоспарлады және дайындады деген айыптармен сот үкімін күтіп жатқан еді. Бен Ладеннің көмекшісі күзетшіге тарақ ала жүгіріп, оның бір көзін ағызып жіберген еді. Осы қастандықтың салдарынан күзетші миынан да жарақат алған болатын.
АҚШ прокуратурасының пайымдауынша, «Әл-Кайеданың» негізін қалаушылардың бірі болған, кейіннен жаттығу лагерлерін қадағалаған және Пәкістан мен Ауғанстанда лаңкестердің паналарын ұйымдастырумен айналысқан 52 жастағы Салим 2002 жылы федералдық күзеттің өкілін өлтіру мақсатында оның өміріне қастандық жасағанын мойындады.
2004 жылы сот Салимді 32 жылға кескен болатын, бірақ аппеляциялық сот істі қайта қарауға өкім етті, себебі судья айыпталушының лаңкестік әрекеттерге, оның ішінде 1998 жылы Кения мен Танзаниядағы АҚШ елшіліктеріне шабуылдар жоспарлауға және оларды жүзеге асыруға қатысын ескермеген.