Усэйн Болт және Эллисон Феликс - жылдың үздік атлеттері
АСТАНА. 25 қараша. ҚазАқпарат -Ямайкалық желаяқ Усэйн Болт және америкалық жеңіл атлет Эллисон Феликс Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының (IAAF) дауыс беру қорытындысы бойынша 2012 жылдың үздік атлеттері деп танылды.
Болт Тұманды альбион жерінде өткен Олипиада ойындарында 100, 200 және 4х100 метр қашықтықта алдына жан салған жоқ. Ол дауыс жинау барысында кедергімен жүгіретін Арис Меррит және кениялық орта қашықтыққа жүгіруден Олимпиада жеңімпазы Давид Рудишадан озған. Айта кетейік, Болт жыл атлеті атағын осымен төртінші рет жеңіп отыр, деп хабарлайды «Аламан» ақпарат агенттігі .
Ал әйелдер арасында бұл атақты Олимпиада ойындарының үш дүркін чемпионы Эллисон Феликс жеңіп алды. Фелис жетісайыстан Олимпиада чемпионы Джессика Эннис пен ядро серпуден Олимпиада жеңімпазы Валери Адамсты дауыс беру қорытындысында жеңіп шыққан.
Жылдың үздік атлеттерін Испанияның Барселона қаласында Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының (IAAF) жүз жылдық мерейтойын атап өту салтанаты барысында марапаттады.