Үш адамның өліміне себепші болған шымкенттік өмір бойы көлік жүргізу құқынан айырылды

Шымкентте үш адамның өмірін қиған жол апатына кінәлі ер адам өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үш адамның өліміне себепші болған шымкенттік өмір бойы көлік жүргізу құқынан айырылды

ІІМ мәліметінше, өткен жылдың көктемінде Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісі есірткіге масаң күйде Алматы-Ташкент-Термез тас жолының бойымен белгіленген жылдамдықтан асырып, тыйым салынған бағдаршамға мән бермей, көлік басқарған.

«Ол әл-Фараби көшесінің қиылысына дейін барып, Hyundai Starex көлігімен соқтығысқан. Соққыдан Альфард қарсы жолаққа шығып кетіп, Daewoo Gentra көлігін соққан. Салдарынан 3 адам оқиға орнында көз жұмды», - деп жазды ведомстводан.

Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 345-1-бабы 4-бөлігімен тіркеді.

Оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтап, қылмыстық іс материалдарын айыптау актісімен бірге сотқа жолдады.

Сот үкімімен қылмыскер 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, өмір бойына көлік құралдарын басқару құқығы жойылды.