Үш аграрлық ЖОО-ға әлемнің озық стандарттары енгізіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің үш аграрлық білім ордасына әлемнің озық жоғары оқу орындарының стандарттары енгізіледі. Бұл туралы Елбасы Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды орындау мәселелері қаралған ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Үкімет Мемлекет басшысының еңбек өнімділігін және өңделген өнім экспортын 2,5 есеге арттыру туралы тапсырмаларын орындау бойынша жұмыстарды қолға алды. Осылайша, Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың өзектілендірілген мемлекеттік бағдарламасы аясында саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оны технологиялық қайта жарақтау бойынша қажетті шаралар қабылданатын болады. Осы мақсаттарға қосымша жыл сайын кемінде 100 млрд теңге бөлініп отырады, бұл агроөнеркәсіптік кешен алдына қойылған міндеттерді толық іске асыруға мүмкіндік береді.
Субсидиялау жүйесін өзгертуге қатысты жұмыстар жүргізіледі. Тиімсіз субсидиялар қысқартылады. Ал қалған субсидиялар барынша жеңілдетіліп, жылдың соңына дейін толық автоматтандырылады. Реформалау қорытындысы бойынша 54 субсидияның орнына 34 субсидия түрі қалады.
Аграрлық ғылым мен білімді бизнестің қажеттіліктеріне бағыттай отырып, реформалау және технологияларды трансферттеу шаралары қолға алынды. Үш бағытта жұмыс істеліп жатыр, олар - білім, ғылым және білім тарату жүйесі. Аграрлық білім берудің сапасын жақсарту мақсатында үш аграрлық оқу орны білікті мамандар даярлау ісіне жұмылдырылып жатыр. Оларға Назарбаев университетінің үлгісімен әлемдік озық жоғары оқу орындарының стандарттары енгізіледі және шетелдік оқу орындарының франшизалары тартылады.
Нәтижесінде АӨК субъектілерін1,5-2-ден 20-25 пайызға дейін қамту көзделген.