Үш айда Қазақстаннан Ресейге ақша аударымдары 68,9%-ға өсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл бірінші тоқсанда қазақстандықтардың Ресейге ақша аударымдарының көлемі 48,1 млрд теңгеге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ranking.kz порталына сілтеме жасап.
None

Биыл қаңтар-наурыз айларында Халықаралық ақша аударымдары жүйесі арқылы шетелге бағытталған қаражат көлемі 182,9 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5%-ға аз. Бірінші тоқсанда ақша көлемнің қысқаруы осымен екінші жыл қатарынан тіркеліп отыр.

Бұл ретте керісінше транзакциялар ағыны 28,2%-ға өскен.

Жалпы, Халықаралық ақша аударымдары жүйесі арқылы Қазақстаннан ең көп қаражат көлемі Түркияға бағытталған. Бұл мемлекетке қазақстандықтар қаңтар-наурыз аралығында 54,4 млрд теңге аударған. Өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда бұл 4%-ға көп.

Одан кейінгі орында Ресей тұр. Оған бірінші тоқсанда 48,1 млрд теңге аударылған. Былтырмен салыстырғанда ол 68,9%-ға артық.

Үштікті 32,3 млрд теңгені аударым сомасымен Өзбекстан түйіндейді. Дегенмен бұл өткен жылға қарағанда 15,5%-ға аз.

Сонымен қатар, Қазақстаннан қаражаттың едәуір көлемі Грузияға (18,7 млрд теңге) және Қырғызстанға (6 млрд теңге) жіберілген.

Сәуір айының қорытындысы бойынша ақша аудару қызметінің құны бір жылда 0,2%-ға ғана өсті. Былтыр ол 1,3%-ға қымбаттаған болатын.


Соңғы жаңалықтар