Үш балуанымыз Азия жағажай ойындарының ширек финалында бақ сынайды

АСТАНА.KAZINFORM - Қытайдың Санья қаласында өтіп жатқан VI Азия жағажай ойындарында жағажай күресінен Қазақстан құрамасының спортшылары іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, ширек финалға жолдама алды, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Үш балуанымыз Азия жағажай ойындарының ширек финалынды бақ сынайды
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

70 кг дейінгі салмақ дәрежесінде Бейбіт Сейдуалы ширек финалға шықты. Ал 70 келіден жоғары салмақта Алина Ертөстік жүлде үшін күресін жалғастырып жатыр. Сондай-ақ 80 кг дейінгі салмақта Ермахан Көшкінбаев та ширек финалда сынға түседі.

Бүгін жарыстың сегізінші күні өтіп жатыр. Ойындар 30 сәуірде аяқталады. Қазақстан құрамасы сегіз спорт түрі бойынша қатысып жатыр. Ұлттық құрамада 70 спортшы бар.

Айта кетейік, бұл кешенді жарыстар күзде Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарына дайындықтың кезеңі саналады.

Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасының қоржынында бес медаль бар. Яғни, бір алтын, бір күміс және үш қола. Жалпыкомандалық есепте ел құрамасы 7-орында тұр.

Осыған дейін Қазақстан спортшылары жағажайдағы Азия ойындарының 1/8 финалына жолдама алғаны туралы жаздық.