Үш донор өңірден бюджеттік алып қоюлар көлемі айқындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Алдағы үш жылда 3 донор өңірден бюджеттік алып қоюлар мен 17 өңірге бюджеттік субвенциялар көлемі айқындалды. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үш донор өңірден бюджеттік алып қоюлар көлемі айқындалды

«Мемлекет басшысының бюджеттік жоспарлауды жеңілдету жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін бюджетаралық трансферттерді қысқарту бойынша жұмыс басталды. Біріншіден, жергілікті бюджеттің базасына ағымдағы нысаналы трансферттердің көлемі олардың нысаналы мақсатын сақтай отырып берілуде. Жоспарлы кезеңде олардың жалпы сипаттағы трансферттер көлеміндегі үлесі орта есеппен 60 пайызды құрайды. Бұл бюджеттік рәсімдерді жеңілдетуді және бюджет қаражатын түпкілікті алушыларға уақтылы жеткізуді қамтамасыз етеді. Екіншіден, заң жобасымен донор-өңірлер үшін бюджеттік алып қоюлар көлемін азайту жөніндегі міндет біртіндеп шешілуде. Олар үшін есептеулерде арнайы жоғарылату коэффициенттері қолданылды, бұл өзіндік кірістеріндегі алып қоюлардың үлесін 2022 жылы 31 пайыздан үш жылдық кезеңде 18 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», - деді министр «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың 2023-2025 жылдарға арналған бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобасын таныстыра келе.

Оның атап өтуінше, базалық қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге қатысты бюджетаралық қатынастардың негізгі қағидатын іске асыру мақсатында өңірлердің ерекшеліктерін есепке алу бойынша тәсілдер қолданылды. Бұл ретте, жергілікті бюджеттердің шығыстарын объективті есепке алуға мүмкіндік беретін өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жай-күйі арасындағы айырмашылықтарды негіздейтін салалық коэффициенттер жаңартылды. Бұл жоспарлы кезеңде олардың бюджеттік қамтамасыз етілуін теңестіру үшін өңірлердің ағымдағы шығындарының болжамын орта есеппен 1,1 трлн теңгеге немесе 23 пайызға арттыруға мүмкіндік берді.

«Аталған тәсілдерді ескере отырып, заң жобасында үш донор өңір – Астана және Алматы қалалары, Атырау облысы белгіленді. Олар бойынша бюджеттік алып қоюлар мынадай көлемдерде айқындалған: 2023 жылы – 432 млрд теңге; 2024 жылы – 469 млрд теңге; 2025 жылы – 504 млрд теңге. Қалған 17 өңір бойынша бюджеттік субвенциялар көлемі 2023 жылы – 5,0 трлн теңгені; 2024 жылы – 5,3 трлн теңгені; 2025 жылы 5,8 трлн теңгені құрады», - деді Әлібек Қуантыров.

Фото: notilus.es