Үш дүркін әлем чемпионы павлодарлық егіздердің тұсауын кесті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Танымал спортшы, аралас жекпе-жектен үш дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Еуразия чемпионы, Әлем кубогының иегері Ардақ Назаров «Шаңырақ» орталығында павлодарлықтармен кездесті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан шараға 500-ден астам адам жиналды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
«Құрметті қыз-жігіттер, ұлттың болашағы сіздерсіздер. Әр қазақтың қызы біздің туған қарындасымыз, біз олардың темір таудай қорғаны болуымыз керек. Ата-аналарыңыздың ризашылығын алыңыздар. Оларды қадірлеңіздер. Құшақ-құшақ гүлді сүйікті қызыңа ғана емес, аналарыңызға да беріп, қуантып отырыңыздар. Елге қызмет ету деген осыдан басталады. Сіздер мықты болсаңыздар, ел де мықты болады», - деді өңір мейманы.
Кездесу барысында Ардақ Назаров қазақ халқының біртуар батырлары, билер мен хандардың өмір жолдарынан мысал келтіріп, келген қауымды рухани әңгімемен сусындатты. Бұдан кейін әлем чемпионы Әмір мен Нұрасыл есімді ұлдардың тұсауын кесті. Жас балалардың ата-анасы Ардақты үлгі тұтатын жандардың бірі екен. Немерелерінің тұсау кесуінде әжесі шашу шашып, өңір меймандарына алғысын жаудырды. Осыдан соң Ардақ Назаров «Абылай» спорт клубына барды, жас спортшыларға шеберлік сағатын өткізіп, ақыл-кеңестерін берді.
«Әрбіріңіздің жүректеріңізде чемпион болсам деген арман бар. Ол арманға қажырлы-қайрат, тынымсыз еңбекпен ғана жетесіздер. Білекті бірді, білімді мыңды жығады деген. Сіздер тек залда ғана тер төкпей, күніне жарты сағат кітап оқып өздеріңізге пайдалы дүниелерді жинағандарың жөн. Күні бойы инстаграмм, Вконтакте желісінде отырған балалар чемпион болмайды. Егер сенің досың осы залға алтыда келсе, сен бес жарымда кел. Ол таңертең екі шақырым жүгірсе, сен үш шақырым жүгір. Қолың бос кезде кітап оқы. Сонда ғана белес бағынады, сонда ғана шыңға шығасыздар», - дейді танымал спортшы.
Айта кетейік, Павлодар облысының аралас жекпе-жек (ММА), панкратион және грэпплинг федерациясының президенті Алтынбек Рысжанов Ардақ Назаровқа күміс қылыш тарту етті. Шара соңында жас спортшылар кумиріне айналған әлем чемпионымен естелік суреттерге түсті.