Үш қалада қоқыстан энергия өндіретін зауыттар 2028 жылы іске қосылады
АСТАНА. KAZINFORM — Астана, Алматы және Шымкентте қоқыстан электр және жылу энергиясын өндіретін үш зауытты 2028 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Жобаларға жалпы сомасы 293 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, қалдықтардан энергия өндіру еліміз үшін жаңа бағыттардың бірі болып отыр.
2025 жылы аталған қалаларда зауыттар салу үшін қытайлық компаниялармен үш инвестициялық келісім жасалған.
— Инвестицияның жалпы көлемі 293 млрд теңгені немесе шамамен 650 млн АҚШ долларын құрайды. Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысандарды 2028 жылы іске қосу жоспарланған, — деді Жомарт Әлиев.
Жаңа кәсіпорындар полигондарға көмілетін қалдық көлемін азайтып, олардан электр және жылу энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар мұндай зауыттарды басқа өңірлерде де салу мәселесі қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, Қарағандыда осындай жобаны іске асыру мүмкіндігі пысықталуда.
Бұған дейін қоқысқа тасталған дәрілер табиғатқа қалай әсер ететінін жаздық.