Үш қазақстандық ММА-дан Азия чемпионы болды

АСТАНА. ҚазАқпарат  -  ММА бойынша Азияның ашық чемпионаты аяқталды. Қазақстан ұлттық құрамасының бес спортшысы «алтын» үшін бақ таластырды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА ММА республикалық федерациясына сілтеме жасап. 

Үш қазақстандық ММА-дан Азия чемпионы болды



52,2 келіге дейін салмақ санатындағы Аян Тұрсын америкалық Ханна Скоггинске есе жіберіп, чемпионаттың күміс жүлдегері атанды. Жарыс техникалық нокаутпен аяқталды.

56,7 келі салмақта Ерназ Мұсабек IMMAF халықаралық ұйымының ММА бойынша Азия чемпионы атанды. Тұншықтыру тәсілін қолданған ол  Джош  Нилді мерзімінен бұрын жеңді.

61,2 келіге дейінгі жеңіл салмақтағы палуан Олжас Молдағалиев те Азия чемпионы болды.   Финалда Олжас швециялық палуан Ренато Видовичпен айқасты. Айқын басымдықпен және судьялардың бірауызды шешімімен  қазақстандық жеңіске жетті. 

65 келіге дейінгі салмақ санатында Бекзат Жасия финалда ресейлік Абдулманап Магомедовтен жеңілді. Бекзат чемпиондық атақ үшін бар күшін салды, алайда, судьялардың шешімімен, ресейлік мықтырақ болып шықты.

Ұлттық құраманың ең жас мүшесі - 18 жастағы Жан Кенжебаев 77,1 келіге дейін салмақ санатында алтын медаль иегері атанды. Ол Беларусь атлеті Алекс Садвскиймен шешуші айқасты техникалық нокаутпен аяқтады.