Үш мыңнан астам атыраулықтың көлік салығына 250 млн теңге қарызы бар
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында 3 мыңнан астам адам көлік салығы үшін 250 млн теңге берешегін төлемей жүр.

Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Гүлжан Қабдрахманованың айтуынша, 112 мыңнан астам жеке тұлғаның атына 170 мыңға жуық көлік тіркелген. Есептелген салық сомасы 3,3 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 3246 адамның берешегі бар.
— Жеке тұлғалардың меншігіндегі көліктің салығын есептеу айлық есептік көрсеткіш негізінде жүргізіледі. Бұл жүйеге сәйкес, 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін шығарылған немесе елімізге әкелінген, қозғалтқыш көлемі 3000 текше см-ден асатын жеңіл автомобильдерге жоғары мөлшерлеме қолданылатыны нақты бекітілді. Салық төлеу жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша жүзеге асырылады. Ал есептеу кезеңі бір жыл аралығын қамтиды. Жеке тұлғаның салықтық берешегі түзіліп, уақытында төленбесе, алғашқы хабарлама салықтық берешек қалыптасқан күннен 20 жұмыс күнінен кешіктірмей жіберіледі. Толық төлем жасалмаса, 30 жұмыс күнінен кейін мәжбүрлі түрде өндіру шаралары, соның ішінде салық бұйрығын рәсімдеу арқылы әрекет қолға алынады, — дейді Гүлжан Қабдрахманова.
Оның айтуына қарағанда, заңнамада көлік салығынан босатылатын немесе жеңілдіктер қолданылатын категорияларға қатысты нақты ережелер бекітілген.
— Мүгедектігі бар азаматтар мен кейбір әлеуметтік мәртебесі жоғары тұлғаларға бір автокөлік құралы бойынша салық жеңілдіктері қарастырылып отыр. Жеке тұлғаның иелігінде бірнеше көлік болса, жеңілдік ең жоғары салық сомасы бар нысанға қатысты қолданылады. Егер көлік иесінің тұрғылықты жері өзгерсе, салық төлеу жаңа мекенжай бойынша жүргізіледі. Біздің басты міндетіміз — салықтық тәртіпті қатаң бақылау арқылы қаржы жүйесінің тұрақтылығын арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау, — деді Қабдрахманова.
Еске сала кетейік, бұған дейін Атырауда мектептің оқушыларын тасымалдайтын автобус жеке мақсатқа пайдаланылғанын жазған едік.