Үш облыста 200-ден астам кооператив құрылады - АШМ
Ресми ақпаратқа сәйкес, ағымдағы жылда Жамбыл облысында 32 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде 19 кооператив құрылды. Ал Алматы облысы бойынша жоспарда тұрған 111 кооперативтің 27-і қатарға қосылды. Оңтүстік Қазақстанда 75 кооперативті құру жоспарда бар. Осы уақытқа дейін соның 26-сы өз жұмысын бастап кетті. Аталған кооперативтер сүт пен ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Жамбыл облысында өткен жиын барысында Мырзахметов оңтүстік өңірлердегі су тапшылығы мәселесін де қозғады. Министрдің айтуынша, жаңа бағдарламада су ресурстарына да ерекше мән беріліп отыр. «Соның аясында жалпы көлемі 610 мың га жерді суармалы аймаққа айналдыру, 368 мың га жайылымның суару жүйесін қалыптастыру жоспарлануда», - дейді Мырзахметов.
Айта кетейік, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барып, жергілікті тауар өндірушілерімен кездесті. Жиында көктемгі егістік жұмыстары пысықталды.