Үш облыста өткен жиындарда орыстілді азаматтар мемлекеттік тілді белсенді игеру тұрғысында көптеген ұсыныстар айтты - Д. Көшім

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үш облыста өткен жиындар барысында орыстілді азаматтар мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту тұрғысында көптеген ұсыныстар айтты. Бұл туралы бүгін «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» орыстілді азаматтар арасында мемлекеттік тілді насихаттау жобасы бойынша қорытынды брифингте ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Дос Көшім мәлім етті.

Үш облыста өткен жиындарда орыстілді азаматтар мемлекеттік тілді белсенді игеру тұрғысында көптеген ұсыныстар айтты - Д. Көшім

Айта кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті тарапынан еліміздің 3 облысында «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» атты шаралар өткізілді. Осы жоба аясында жұмыс тобы құрамында белгілі саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері, жергілікті жерлердегі тілдерді дамыту және ішкі саясат басқармаларының басшылары болды.

«Бір айға жуық уақыт ішінде Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарындағы қалалар мен аудан орталықтарында 39 кездесу өткіздік. Бұл бағдарлама арнайы орыстілді аудиторияға арналған. Мақсатымыз - орыстілді азаматтарға мемлекеттік тілге деген позитивтік көзқарас қалыптастыру. Оларға Қазақстандағы мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайын таныстыру, пікірлесу, ұсыныстарын тыңдау, еліміздегі мемлекеттік тілдің ахуалына бірге талдау жасап, тілді қолдану аясын кеңейтуге негізделген насихат бағытындағы жұмыстар жүргізілді», - деді Д. Көшім.

Оның сөзіне қарағанда, аталған облыстарда дөңгелек үстел, кездесу, брифинг түрінде өткен шараларға 2 мыңнан астам азаматтар қатысты.

«Мемлекет қазақ тілін үйретуге қолынан келген жағдайды жасап жатыр. Орталықтар ашылды, қажетті кітаптар шығарылып жатыр. Осы орайда біз орыстілді азаматтардың мемлекеттік тілді неліктен баяу игеріп жатқандығы тұрғысында өздерін ойландыруға тырыстық. Әрине, балаларының болашағы қазақ тіліне байланысты екенін әңгімеледік. Осы шаралардағы қуанарлық жағдай - орыстілді азаматтар көптеген ұсыныстарды бізге айтты. Оның жеке есеп түрінде шығарамыз. Менің өзіме ұнаған пікірдің біріне тоқталатын болсам, орыстілді азаматтар «мектеп бітірген уақытта балалардың барлығы қазақ тілінен тест тапсыру керектігін және оның балы ЖОО-ға түскен кезде есептелінуі қажет» деп ой түйді. Сонымен қатар балабақшалардың барлығы қазақ тілінде болуы қажет екенін алға тартты. Олардың пайымынша, сол кезде жеткіншектердің мектепке дейінгі кезеңде қазақ тіл базасы қалыптасады», - деді қоғам қайраткері.

Сонымен қатар Д. Көшім көптеген жерлерде қазақ тіліндегі мектептерге өзге ұлт өкілдерінің балаларын оқуға беруі көбейіп келе жатқанын атап өтті. «Тағы бір айта кетер жайт, балаларын қазақ тіліндегі балабақшалар мен мектепке дейінгі орталықтарға беріп жатқандар екі-үш есеге көп. Осы орайда қазақ мектептеріне баратын басқа ұлт өкілдерінің легі артады. Бұл үлкен өзгеріс», - деді ол.

Белгілі болғандай, осы кездесулер қорытындысы бойынша талдамалы есеп жасалған, онда тиісті ведомстволарға ұсыныстар мен анықталамалар қамтылып отыр.