Үш облыстық перинаталдық орталық «Тыныс ал, балақай» жобасы аясында заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілді
АЛМАТЫ. 12 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Өскемен, Семей, Қарағанды қалаларының облыстық перинаталдық орталықтары республикалық «Тыныс ал, балақай» жобасы аясында жалпы құны 44998 186 теңгені құрайтын заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында «АЯЛА» қайырымдылық қорының вице-президенті Жангелді Сәрсенов мәлім етті.
"Үш орталыққа инвазивтік емес СИПАП (CPAP) жабдықтары, Реанимация үстелі инфузиондық және шприцтік мөлшерлеуіш, реанимация қобдишасы, пациент мониторы және де басқа медициналық құрылғылар табысталды. Жабдықтардың көпшілігі шала туылған нәрестелерді бақылауға арналған. Енді, Өскемен, Семей, Қарағанды қалаларының облыстық перинаталдық орталықтары дер кезінде емдік шараларын жүргізе алатын болады",-деді Ж. Сәрсенов.
Оның айтуынша, «Тыныс ал, балақай» жобасының арқасында Алматы қалалық перинаталдық орталығында салмағы 1 кг-нан аспайтын нәрестелердің өмірге қалыптасу көрсеткіші 5% дан 24% дейін жоғарылаған.
Естеріңізге сала кетсек, «Тыныс ал, балақай» жобасы 2009 жылдан бастап іске асуда. Жоба перзентханалар мен перинаталдық орталықтардың балалар реанимация бөлімшелерін, өте төмен салмақта шала туылған нәрестелерді қадағалауға арналған медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге бағытталған.
Аталмыш қордың мәліметінше, бүгінде нәрестелер шетінеуінің ең жоғарғы көрсеткіші, 500 және 999 грамм аралығында туылған нәрестелер арасында байқалуда. Қарағанды облыстық перинаталдық орталығында, жыл сайын 4000 сәби дүниеге келеді екен. Соның ішінде 15%-ы шала туылған нәрестелер. 2010 жыл бойынша, салмағы 1000 граммға дейін туған 46 баладан 35-і, ал 2009 жыл бойынша 32 баладан 26-сы шетінеген. 2009 жылы, Қарағанды облысы бойынша жаңа туған нәрестелердің шетінеуі 19,3% құраған. Соның ішіндегі ең үлкен үлес салмағы шала туған нәрестелердің шетінеуімен тікелей байланысты болуда.
Ал, Семей қаласының облыстық перинаталдық орталығында 2011 жылдың бірінше тоқсанында туылған бала саны-761 болған, оның 10%-ын шала туылған нәрестелер құрап отыр. Бірінші тоқсанда шетінеген 11 сәбидің 9-ы шала туылған.
2010 жылы Өскемен қаласында орналасқан Шығыс Қазақстан бойынша қызмет атқаратын перинаталдық орталығында 7441 сәби дүние есігін ашқан. Солардың ішінде 484-і нәресте шала туылған. 222 сәбидің тыныс алу жүйелерінде ауытқулар байқалған, солардың ішінде 26 шала туылған нәресте шетінеп кеткен.
"Қазақстанның барлық перинаталдық орталықтарында сәбилердің шетінеуінің басты себебі, тыныс алу жүйесінің бұзылуында болып отыр. Бұл орайда, СИПАП жабдықтары бұл мәселенің алдын алуға болатын бірден-бір жабдық екенін атап өткім келеді",-деді Жангелді Сәрсенов.
Баспасөз мәслихаты барысында «АЯЛА» қайырымдылық қоры жобаға көмек қолын созып, демеушілік көрсеткен «Кар-Тел» компаниясына, «Қағанат» асханалар желісіне, шетелдік іскер Арвинд Тикуға және «Dialin» интерьер үйіне үлкен алғысын білдірді.