Үш өңірде инвестиция көлемі төмендеп кеткен

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Үкімет отырысында 2024 жылдың алғашқы екі айындағы экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштерді баяндады.

нұрлан байбазаров
Фото: ҚР Үкіметі

«Қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсуі 4,2% болып, қаңтардағы 3,9%-ке қарағанда жеделдеді. Нақты секторда оң динамика байқалуда. Нақты сектор – 5,1%-ке, ал қызмет көрсету саласы – 3,5%-ке өсті. Салалар арасында ең жоғары өсуді құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалау, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі 7,9% болып, қаңтардағы 0,6%-ке қарағанда айтарлықтай жеделдеді. Инвестициялар көлемі құрылыста – 2,7 есе, білім беруде – 56%, көлік және қоймалауда – 47%, ақпарат және байланыста – 45%, өңдеу өнеркәсібінде – 37%, ауыл шаруашылығында – 12% өсті», - деді Нұрлан Байбазаров.

Министрдің сөзінше, өңірлер арасында ең жоғары өсу Қызылорда, Түркістан, Жетісу облыстарында, Астана қаласында байқалған.

«Бұл ретте, Ақмола, Атырау және Маңғыстау облыстарында инвестиция көлемінің төмендеуі байқалады. Алдын ала қорытынды бойынша қаңтарда сыртқы сауда тауар айналымы 10 млрд доллардан асты.  Экспорт 6 млрд долларға жуықтады, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты – 1,6 млрд доллар. Тауарлар импорты 4 млрд доллардан асты. Жалпы, оң сауда балансы 1,7 млрд долларды құрады. Өңдеу өнеркәсібі өсу қарқынының жеделдеуін көрсетуде. Өндіріс көлемі 7,4%-ке өсті. Көрсеткіштің өсуі 16 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғары өсуді Қызылорда, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары көрсетті», - деді вице-премьер.

Соңғы жаңалықтар