Үш өңірде оңалтудың техникалық құралдарын пайдаланудың жаңа моделі іске қосылады

АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен Үйлестіру кеңесінің отырысында оңалтудың техникалық құралдарын (ОТҚ) өтеусіз пайдалану және қайтарудың жаңа моделін енгізуге бағытталған пилоттық жобаны іске асыру мерзімі бекітілді.

Үш өңірде оңалтудың техникалық құралдарын пайдаланудың жаңа моделі іске қосылады
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында ОТҚ пайдаланудың бүкіл кезеңінде азаматтарды үздіксіз қолдауды көздейтін жаңа жүйе тәжірибелік режимде іске қосылады.

Министрлік бұл пилоттық жоба мүгедектігі бар адамдардың Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін жаңа ОТҚ алу құқығына ешқандай өзгеріс енгізбейтінін ерекше атап өтеді. Мәселен, кресло-арбалар бұрынғыдай әр бес жыл сайын жаңасына ауыстырылады. Жаңа модель қолданыстағы мемлекеттік кепілдіктерді алмастырмай, оларды толықтыратын қосымша өтеусіз сервистік қызмет ретінде енгізіледі.

Жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін азаматтар ОТҚ істен шыққан жағдайда немесе құрал бойынша техникалық мәселе туындаса, Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының филиалына жүгіне алады. Мұнда техник-мамандар мен реабилитологтар техникалық сараптама жүргізіп, жөндеу жұмыстарын ұйымдастырады. Жөндеу кезеңінде азаматтың оңалту процесі үзілмеуі үшін айырбастау қорынан уақытша жарамды құрал беріледі. Егер құралды қалпына келтіру мүмкін болмаса, ол есептен шығарылып, мүгедектігі бар жан жаңа ОТҚ берілгенге дейін уақытша құралмен қамтамасыз етіледі.

— Жаңа сервистік модельде балаларға ерекше көңіл бөлінген. Бұған дейін бала өскеннің өзінде техникалық құралды белгіленген мерзім аяқталғанға дейін ауыстыруға мүмкіндік болмаған. Ал пилоттық жоба аясында бұл мәселе шешімін таппақ. Егер ОТҚ баланың бойына немесе антропометриялық ерекшеліктеріне сәйкес келмесе, бес жылдық пайдалану мерзімін күтпей-ақ оған лайықты жаңа құрал беріледі, — делінген министрлік хабарламасында.

Ұлттық ғылыми орталық мамандарының айтуынша, ОТҚ-ның бүкіл қызмет ету циклі толық цифрландырылады. Ақпараттық жүйе пайдалану мерзімі аяқталуға үш ай қалғанда пайдаланушыға автоматты түрде SMS-хабарлама жолдайды. Белгіленген мерзім аяқталған соң азамат құралды қайтарады. Диагностика мен жөндеуден кейін ол әрі қарай пайдалануға жарамды деп танылса, міндетті санитариялық өңдеуден өткізіліп, уақытша пайдалануға арналған прокат пункттерінің айырбастау қорына жіберіледі. Бұл басқа азаматтарды ОТҚ-мен уақытша қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

2026 жылғы 1 шілдеден басталатын пилоттық жобаның алғашқы кезеңінде сервистік модель кресло-арбалардың барлық түрі мен жүріп-тұруға арналған құрылғыларды қамтиды. Бұл бағыт бойынша қажетті инфрақұрылым дайындалып, техник-мамандар арнайы оқытудан өтті.

Министрлік пилоттық жобаға қатысу толықтай ерікті негізде жүзеге асырылатынын атап өтеді. Жобаның негізгі мақсаты — жөндеу мен сервистік қызмет көрсету тетіктерін, сондай-ақ цифрлық шешімдердің тиімділігін үш өңірде тәжірибеден өткізіп, кейін оны республика көлемінде кезең-кезеңімен енгізу мүмкіндігін пысықтау. 

Айта кетелік мүгедектігі бар азаматтардың құқығын қорғау бағытында 485 тексеру жүргізілген еді.