Үш рет ұсынылса да Кеңес одағының батыры атағы бұйырмаған Александр Несмиянов
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылатын тағы үшінші майдангер - Несмиянов Александр Александрович.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 126-шы Горловка Қызылтулы атқыштар дивизиясы 690-шы атқыштар полкі 1-ші атқыштар батальонының командирі болған Александр Александрович 1912 жылы дүниеге келген. Бірақ, қайтыс болған жылы мен күні белгісіз.
Александр Александрович Кеңес одағының батыры атағына үш рет ұсынылған. Алайда, оған батыр атағы бұйырмады. 1943 жылдың 3 қарашасында капитан Несмиянов бораған оққа қарамастан батальонын шабуылға шығарып, Түрік жотасын жаудан азат етеді. Осы кескілескен ұрыста 13 немістің көзін жояды. Осы ерлігі үшін 1943 жылы 7 қарашада Кеңес одағының батыры атағына ұсынылғанымен 3-дәрежелі Кутузов орденімен марапатталады.
Ал 1944 жылдың 8 сәуірінде оның батальоны Армянск қаласы үшін жан алып, жан беріскен майданға араласып, шаһарды басқыншылардан азат етеді. Ұрыс барысында жарақат алғанына қарамастан ол шабуылға шыққан немістің 12 танкісінің жолына тосқауыл қояды. Қаланы жау қолынан азат еткені үшін Несмиянов 1944 жылдың 20 сәуірінде тағы да Кеңес одағының батыры атағына ұсынылады. Бұл жолы да Қызыл ту орденін ғана алады.
1944 жылдың 9 қазанында Несмиянов батальоны Юра өзені жағалауына бекінген жауға ұрыс ашады. 10 қазанда таң ата кеңес әскері жауды бекіністен қуып шығады. Сонымен қатар оның батальоны Шығыс Пруссия шекарасын бірінші болып кесіп өтіп, Шамай Кемен теміржол стансасын басып алады. 2 эшелон, азық-түлік пен зат тиелген 300 ден астам көлікті қолға түсіреді. Дәл осы ұрыс барысында Несмиянов жалғыз өзі 32 немісті тұтқынға алады. Ал сол жылдың 11 қазанында Несмиянов батальоны Огельн ауданына жаудан тазартып, 160 неміс жауынгерін және 28 атыс нүктесінің көзін құртады. Осы ерліктері үшін ол 1944 жылы 11 қазанда үшінші рет Кеңес одағының батыры атағына ұсынылады. Алайда, бұл жолы да ол Александр невский орденімен ғана марапатталады.