Үш тілді оқытуды балабақша мен мектепті қазақ тіліне көшіруден бастау қажет - Оразгүл Асанғазы
«Біз ұрпағымыз үш тілді жетік меңгерсін десек, ең бірінші кезекте қазақ тілін оқытуымыз керек. Қазақстанның бүкіл мектептері мен балабақшалары тек қазақ тілінде болуы керек. Бізде жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытамыз деп жатыр, бұл түбірімен дұрыс емес. Қазақстанда өсетін өсімдікті, жануарлар әлемін, тек Қазақстанда ғана болатын тіршілікті қазақтың баласына ағылшын тілінде оқыту деген не сұмдық? Біз оны өзінің тамырынан айырып отырмыз ғой. Міне, кезінде Алаштың арыстары, Аxмет Байтұрсыновтар жаратылыстануды қалай оқытты? Бәрін жазып қойған. Жаңадан ештеңе ойлап табудың керегі жоқ», - деді О.Асанғазы Астанада өткен «Алаш арыстарының білім беру жүйесіндегі мақсат-мұраттары - «Сатылай кешенді оқыту» теxнологиясының өзегі» атты шарада.
Оның айтуынша, дәл осы теxнологияның негізінде үш тілге үйретуге әбден болады. Себебі аталған әдіс тек қана білімді белгілі бір көлемде беріп, қажетті шеберлік пен дағдыны меңгертумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар баланың жалпы жан-жақты дамуына, ойлау, есте сақтау, қиялдау, елестету сияқты басқа танымдық-психологиялық қасиеттерінің жақсы үйлесімді дамуына бағытталған, қазақ тілінде ойлайтын, қазақ мәдениетін меңгерген тілдік-мәдени тұлға қалыптастыратын оқытудың бір түрі. Оның нәтижесі де жоқ емес.
«Біз әрбір пәннің алгоритмін жасадық. Сол алгоритм арқылы әрбір балаға пәннің мазмұнын бердік. Осы мазмұн бойынша балалар ары қарай өздерін дамытып, оқып кетті. Ал енді бұның нәтижесін қайдан көрдік дегенде, ол мына ұлттық тестілеу кезінде көрінді. Балаларымыз әр пәннен 25 баллдан кем алған жоқ. Жүсіпбек Аймауытов өз еңбегінде айтады, балаға білім бергенде, көзімен көргендей, құлағымен тыңдағандай, қолымен ұстағандай етіп беру керек. Міне, сатылай оқыту кешені осыны көздейді», - дейді педагогика ғылымдарының докторы Нұрша Оразақынова.
Айта кетейік, бүгінгі таңда «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бірнеше аймақтарда тәжірибе ретінде қолға алынды. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан мен Алматы облыстарында, сондай-ақ Астана қаласының бірқатар мектептерінде осы әдісті қолданып келеді.