Үш томдық «Қазақ журналистикасы» кітабы жарық көрді

АЛМАТЫ. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматыда «Қазақ журналистикасы» атты үш томдық жарық көрді.
None
None
Оның тұсаукесер рәсімі ақпанның 11-күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат .Бұл кітап ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әлеуметтік маңызы бар әдебиет түрлерін шығару» бағдарламасы аясында шығарылып отыр. Үш томдық қазақ журналистикасының бүгінгі күнгі ең өзекті, аса маңызды мәселелеріне арналады. Авторлар құрамында Н. Омашев, Б. Жақып, А. Мархабаев, Ж. Ерман, Қ. Олжай, Т. Көпбаев, А. Бейсенқұлов, С. Медеубеков, Қ. Сақ, Қ. Тұрсын, Т. Бекниязов, К. Қамзин, Қ. Әбжанов секілді журналистика саласындағы белгілі адамдар бар. Кітаптың бірінші томы «Қазақ баспасөзі» деп аталады. Бұнда еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының қазіргі мәселелеріне арналған зерттеу еңбектер топтастырылған. Онда жаһандану дәуірінде ақпараттық қауіпсіздікті, ұлттық ерекшеліктерімізді сақтап қалу жолдары, демократиялық қоғам және баспасөз бостандығы қарастырылған. Сонымен қатар қазақ баспасөзінің бүгінгі күнге дейінгі тарихы, Алаш қайраткерлерінің шығармашылық мектептері, халық ауыз әдебиетіндегі публицистикалық сарындар, жанрлардың бастау-бұлақтары ғылыми тұрғыдан зерттелген.«Қазақ теледидары» деп аталатын екінші томда жаһандану заманындағы ақпараттың еркін ағымы, оның ішінде қоғамдық пікір қалыптастырудағы ықпалы мен пәрменділігі жағынан теңдесі жоқ теледидардың зор мүмкіндіктері туралы келелі мәселелер қарастырылған. Қазақ телевизиясының жаңа технологиялар ағымына ілесуі мен әлемдік ақпарат кеңістігіндегі өзінің лайықты орнын иеленуі ғылыми тұрғыдан сарапталады. Әр жылдардағы қазақ теледидарының басшылары, олардың телеөнерді дамытудағы тың жаңалықтары зерттеу нысанына айналған. Сонымен қатар телевизияның қалыптасу, даму кезеңдері, онда қызмет еткен тележурналистер мен дикторлардың, режиссерлердің шығармашылық мектептері сөз болады. Үш томдықтың «Қазақ радиосы» деген үшінші кітабында ақпарат таратудың ең ежелгі әрі жедел құралы ? радионың өзіндік ерекшеліктері мен кең мүмкіндіктері қарастырылған. Қазақ даласына таралған алғашқы хабардан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихы, теориясы мен тәжірибесі зерттеу объектісіне айналған. Ой мен сезімге әсер етуге бағытталған радиохабарлардың жасалу технологиясы, тікелей эфир табиғаты, журналистің сөйлеу мәдениеті секілді бүгінгі күннің қажетті тақырыптары қозғалады. Сонымен қатар шетелдегі қазақ хабарларының тарихи кезеңдері баяндалған.
Соңғы жаңалықтар