Үш жастағы қыз Құранды бастан-аяқ жаттап алып, әлемдегі ең кішкентай хафиз атанды
АСТАНА. 11 ақпан. ҚазАқпарат - Нигериялық қыз бала Қасиетті Құранды небәрі 3 жасында бастан-аяқ жаттап алып, әлемдегі ең кішкентай хафиз атанды.
Руккайату Фатаху Омар есімді қыз бала Құранды 8 айдың ішінде толық жаттап алған. Бұл туралы Әзірет Сұлтан мешітінің ресми сайтынан хабарланды.
Мuslim.kz-тің жазуынша, ол өзі «Аллаға сансыз мадақ айтамын» дегеннен басқа ештеңе айтпайтын көрінеді. Анасы да сондай қарапайым болып шықты. Анасы Саиада Маймуна: «Шынымды айтсам, мен көп сөзге жоқпын. Бірақ осындай мүмкіндік бергені үшін Аллаға шексіз шүкіршілік етемін. Бұл Жаратқанның жарылқауы ғой», - дейді.
«Кішкентай қыз атақты ғалым Шейх Дахиру Осман Баучи негізін салған ислами жергілікті мектепте оқыған. Ол сүрелерді таңғы 7-ден кешкі 6-ға дейін жаттаған. Осы себептен ойнауды да доғарған. Дарынды қыз биыл мектеп табалдырығын да ерте аттағалы отыр. Нигерияда, әдетте, қыздар мектепке 10 жасынан бастап барады», - делінген хабарламада.