Үш жезқазғандық 140 келіге жуық кептірілген марихуанамен ұсталды
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысында жезқазғандық 3 тұрғыннан 140 келіге жуық кептірілген марихуана тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті.
«Көкнар-2019» жедел-алдын алу шарасын өткізу барысында Жамбыл облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Мойынқұм ауылынан 50 шақырым жерден 36-47 жас аралығындағы бұрын сотты болған Қарағанды облысы Жезқазған қаласының үш тұрғынын ұстады. Олардан жалпы салмағы 137 келі болатын кептірілмеген марихуана есірткісі табылып, тәркіленді», - делінген хабарламада.

Бүгінгі таңда күдіктілер кінәсін мойындады. Олар Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сондай-ақ оларға қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
