Үш жылда 12,1 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды

АСТАНА. KAZINFORM – Игерілмей жатқан және тиімсіз игеріліп отырған телімдерді мемлекеттік жер қорына қайтару жұмыстарының аясында 12,1 млн гектар алқаптың иесі өзгерген.

жер телімі
Фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы – Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспектор Мұрат Теміржанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында осындай дерек келтірді.

- Барлық мүдделі мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының арқасында үш жылда ауқымды жұмыстар атқарылды. Жалпы көлемі 9,4 млн гектар жерде 4 731 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, мемлекеттік қорға 12,1 млн гектар жер қайтарылды. Оның 5,4 млн гектары 2022 жылы, 4,6 млн гектары 2023 жылы, 2,1 млн гектары 2024 жылы қайтарылды, - деді ол.

Осы жердің 4,9 млн гектары жең жер иеленушілерге берілген.

- 4,9 млн гектар халықтың қажеттілігі үшін жергілікті органдарға берілді. Оның ішінде 1,9 млн гектар жер жайылым ретінде, 3 млн гектар жер конкурс негізінде жер пайдаланушыларға үлестірілді. Бұл шаралар жайылым тапшылығын азайтып, бұрын пайдаланылмаған жерлерді айналымға қосуға мүмкіндік берді, - деді комитет басшысы.

Еске салсақ, бір ай бұрын Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Бас прокурор Берік Асыловтың атына сауал жолдап, ҚазҰУ-дың жері мемлекетке қағаз жүзінде ғана қайтарылғанын мәлім еткен еді. 

Соңғы жаңалықтар