Үш жылда 1300 км астам теміржол салуды жоспарлап отырмыз – Мемлекет басшысы

тоқаев
Фото: Ақорда

Орталық Азия аймағы бүгінде халықаралық көлік-транзит бағыттарын дамыту және әртараптандыру ісінде өте маңызды рөл атқарады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасына (СПЕКА) қатысушы мемлекеттер басшыларының бірінші саммитінде айтты. Кazinform бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшысының айтуынша, СПЕКА елдері (БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасы) бүгінде шын мәнінде, Еуропа мен Азия арасындағы құрлықаралық көпірге айналды.

«Бұл – орасан зор мүмкіндік. Оны дамыта түсуіміз керек. Бұл ретте халықаралық Транскаспий көлік бағытын өркендетуге үлкен үміт артамыз. Орта дәлізді «Бір белдеу, бір жол» жобасымен, сондай-ақ Трансеуропалық көлік желісімен (TEN-T) және Global Gateway стратегиясымен ұштастырудың әлемдік саудаға мультипликативті әсері зор болатынына сенімдімін. Бұған қоса, Қазақстан «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамыту үшін белсенді ынтымақтастыққа дайын.

Соңғы 15 жылда еліміз көлік инфрақұрылымына 35 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. Алдағы үш жыл ішінде 1300 шақырымнан астам теміржол салуды жоспарлап отырмыз. Бұл Қытай, Оңтүстік Азия, Ресей және Еуропа бағыттарына жүк өткізу әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Барлық серіктесті Каспий теңізіндегі порттардың қуатын арттыру, сондай-ақ жүк кемелерін бірлесе өндіру үшін ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырамын. БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы мен ЭСКАТО тарапынан техникалық және сараптамалық тұрғыдан белсенді қолдау күтеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Саммит барысында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Грузия Премьер-министрі Ираклий Гарибашвили, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамурад Гельдымурадов, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Атқарушы хатшысы Татьяна Молчан, Азия және Тынық мұхиты өңірлеріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының Атқарушы хатшысы (ЭСКАТО) Армида Салсия Алишахбана, сондай-ақ Шығанақтағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Джасем Әл-Будайви сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев БҰҰ-ның Орталық Азия елдері экономикаларына арналған бағдарламасының (СПЕКА) саммитіне қатысу үшін бүгін Бакуге жұмыс сапарымен барғаны жазған болатынбыз. Алдымен, Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесіп, келіссөз жүргізді.

 

Соңғы жаңалықтар