Үш жылда елді мекендер аумағында 15 млн ағаш отырғызу жоспары қаншалықты орындалды

ағаш
Фото: ҚазМұнайГаз ҰК АҚ

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Парламент Мәжілісіндегі дөңгелек үстел отырысында Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев елімізде ағаш отырғызу тапсырмасының орындалу барысын түсіндірді.

«Ауыл шаруашылығына арналған жерлерде агроорман-мелиорациялық іс-шаралары егістіктерді, алқаптарды сақтау үшін қолданылып келеді. Яғни ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыруға, топырақ құнарлығын қалпына келтіруге ықпал етеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында 5 жылда орман алқаптарында 2 млрд түп ағаш отырғызу туралы тапсырма берген. Бұл ретте, облыс әкімдіктері 1 млрд 367 млн көшет, министрліктің ведомстволық бағыныштағы ұйымдары 432 млн және табиғат пайдаланушылар 201 млн көшет отырғызуы жоспарланған. Ағаш отырғызу жұмыстарына қоғамдық мониторингті жүзеге асыру үшін интерактивті карта жасалды», - деді Д. Тұрғамбаев.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының елді мекендер аумағында 15 млн тал егу тапсырмасын орындау мақсатында облыстардың, Астана мен Алматы, Шымкент қалаларының елді мекендерін көгалдандыру мен жасыл аймақтарды құрудың өңірлік жоспарлары бекітілді.

«2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін қалалар мен елді мекендерде 15 млн ағаш, соның ішінде жыл сайын 3 млн түп тал егу жоспарланған. Әкімдіктердің деректеріне қарағанда, 2021-2023 жылдары елді мекендерде 10,3 млн ағаш отырғызылды», - деді комитет басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, үш жылда Аралдың құрғаған жерінде 500 мың гектардан астам алқапта орман мелиорациялық жұмыстары орындалды.

«2021 жылы Мемлекет басшысы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында 2025 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған табанында сексеуіл екпелерін отырғызу жолымен жалпы ауданы 1,1 млн га орман мелиорациялық жұмыстарын жүргізу міндетін қойды. 2021 жылдан бастап 2023 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған табанында 545 мың га алқапта орман мелиорациялық жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, 2024 жылы орманды кеңейту жұмыстары 275 мың га, 2025 жылы 280 мың га алаңда жүргізу жоспарланды», - деді Данияр Тұрғамбаев.

Соңғы жаңалықтар
telegram