Үш жылда Түркияға 700 мың тонна өсімдік шаруашылығы өнімі экспортталды — АШМ
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Түркия Үкіметі арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.

— Өсімдіктер карантині саласындағы халықаралық ынтымақтастық елдер арасында өткізілетін өнімге карантиндік фитосанитариялық бақылау жүргізуде маңызды рөл атқарады. Келісімде карантинге жатқызылған өнімдерді өткізу кезінде біздің елдерімізге қолайлы фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет өзара ынтымақтастықтың негізгі тұстары ескерілді. Мысалы, зерттеу әрі диагностикалау тәжірибесімен алмасу бөлігінде өсімдіктер карантині жөніндегі ғылыми ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру, өсімдіктер карантині саласындағы жаңа нормативтік-құқықтық актілер және карантиндік зиянды организмдердің ұлттық тізбелері туралы ақпарат алмасу. Сондай-ақ, карантинге жатқызылған өнімнің әкелінетін партияларына, ілеспе құжаттарға және тасымалданатын жүктердің транзит шарттарына қатысты талаптар қарастырылған, — деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.
Оның айтуынша, Түркиядан импортталатын негізгі карантинге жатқызылған өнімдердің арасында жаңғақ, қызанақ, бұрыш, алма, цитрус түрлері, жаңа піскен жидектер, жеміс және гүл дақылдарының көшеттері қамтылған. Бұл ретте Қазақстаннан экспортталатын негізгі карантинге жатқызылған өнімдер санатында дәнді дақылдардың (бидай, арпа, сұлы, күнбағыс), бұршақ дақылдарының (бұршақ, жасымық, ноқат) барлық түрлері қарастырылған.
— Үш жыл ішінде Түркияға 700 мың тоннаға жуық өсімдік шаруашылығы өнімі экспортталды, ал импорт 40 мың тоннадан астам түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын және 2,7 млн дана тұқым мен отырғызу материалдарын құрады. Екі ел арасында тасымалданатын карантинге жатқызылған өнім фитосанитариялық карантиндік бақылаудан өтеді. Үш жылдық кезеңде Түркиядан әкелінген карантинге жатқызылған өнімге, яғни карантиндік фитосанитариялық бақылау жүргізу кезінде талаптарға сәйкес келмейтін 76 жағдай анықталды. Оның ішінде 6 жағдайда карантиндік нысан анықталды. Сонымен қатар, тасымалданған карантинге жатқызылған өнім көлемінің ұлғаюын ескерсек, олардың таралып кетуі екі ел аумағындағы фитосанитариялық жағдайға теріс әсерін тигізеді. Келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын қабылдау екі елдің өсімдіктер карантині жөніндегі қызметтеріне одан әрі ынтымақтастықты дамытуды жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді, — деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға әкеп соқпайды және республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді.
Еске салсақ, былтыр күзде Үкіметте фитосанитариялық бақылау жүйесін реформалау жобасы таныстырылды.