Үш жылдық бакалавриат: жоғары білім жүйесінде не өзгермек
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде бакалавриат бағдарламаларын үш жылдық оқу форматына көшіру мәселесі талқыланып жатыр. Бұл өзгеріс білім сапасына және түлектердің еңбек нарығындағы мүмкіндігіне әсер ете ме? Kazinform тілшісі сарапшылармен бірге зерделеді.
Жаңа форматтың тәртібі қандай?
Қазақстанда бакалавриаттың стандартты оқу мерзімі – төрт жыл. Дегенмен қолданыстағы заңнама университеттерге білім беру бағдарламасын үш жыл ішінде меңгеруге мүмкіндік беретін оқу процесін ұйымдастыруға жол ашады.
Мұнда оқу бағдарламасының мазмұны мен академиялық кредиттердің жалпы көлемі қысқармайды. Мәселен, бакалавриаттың стандартты көлемі 240 кредит болса, студент оны үш жылда толық игеруі керек. Ал жекелеген мамандықтар бойынша талап етілетін көлем кемінде 300 кредитті құрайды.
Ол үшін университеттер оқу процесін қарқындата алады. Мысалы, дәстүрлі екі семестрдің орнына оқу жылын үш триместрге бөліп, пәндерді меңгеру кезеңін қайта ұйымдастыруға болады. Осылайша студент бұрынғы оқу көлемін қысқа мерзімде игереді.
Еліміздің кейбір жоғары оқу орындары сұранысқа ие бағыттар бойынша триместрлік жүйені қазірдің өзінде қолданады. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, мұндай форматта 16 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Олардың қатарында Astana IT University, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және басқа да университеттер бар. Бұл жүйе негізінен компьютерлік ғылымдар, киберқауіпсіздік, үлкен деректерді талдау, бағдарламалық инженерия, ақпараттық жүйелер, жасанды интеллект, цифрлық құқық, бизнес-талдау және маркетинг бағыттарында қолданылады.
Алайда мұндай жүйемен оқитын студенттердің барлығы бакалавриатты міндетті түрде үш жылда аяқтамайды. Оқу мерзімі бағдарламаның құрылымы мен студенттің академиялық үлгеріміне байланысты.
Бұдан бөлек, колледжде немесе басқа жоғары оқу орнында білім алған студенттердің бұрын меңгерген пәндері мен кредиттерін қайта есептеу мүмкіндігі бар. Егер олар университетке ұқсас мамандық бойынша түссе, оқу мерзімі бір жарым, екі немесе үш жылға дейін қысқаруы ықтимал.
Бірақ оқу ақысы арзандайды деуге негіз жоқ. Себебі төлем академиялық кредиттердің көлеміне қарай есептеледі.
Үш жылдық оқу барлық мамандыққа жарай ма?
Qazaq Expert Club сарапшысы, білім беру саясаты және білім саласын цифрландыру маманы Жазира Асанованың пікірінше, оқу ұзақтығын нақты бағдарламаның мазмұны мен болашақ маманның біліктілігіне қойылатын талаптар негізінде анықтау керек.
– Жоғары білім беру жүйесі сан алуан, сондықтан оны оқудың бірыңғай мерзімімен өлшеу дұрыс емес. Мысалы, IT саласында қолданбалы бағдарламалау мен компьютерлік ғылымдардың іргелі негіздерін бірдей қарастыруға болмайды. Бағдарламалау дағдыларын практика арқылы жылдам қалыптастыруға мүмкіндік болғанымен, математика мен алгоритмдер бойынша дайындықты айналып өту мүмкін емес, – деді сарапшы.
Оның айтуынша, инженерлік бағыттарда зертханалық сабақтар, жобалау жұмыстары мен өндірістік практика маңызды. Ал педагогикалық білім беруде болашақ мұғалімнің мектептегі тәжірибесі ерекше рөл атқарады. Ол пәнін білумен қатар, бала психологиясын түсініп, оқыту әдістемесін меңгеруі, білім нәтижелерін бағалап, қажеттіліктері әртүрлі оқушылармен жұмыс істей алуы қажет.
– Мұның бәрін тек оқулық арқылы меңгеру мүмкін емес. Болашақ мұғалім теориялық білімін нақты сынып жағдайында қолдануды үйренуі керек, – деді Жазира Асанова.
Сонымен қатар кейбір мамандықтар бойынша бакалавриат көлемі 240 кредиттен жоғары. Атап айтқанда, ветеринария, сәулет және дизайн, ядролық физика, сондай-ақ екі мектеп пәні бойынша педагог даярлау бағдарламалары кемінде 300 кредитті қамтиды. Сондықтан сарапшы мұндай бағыттарды үш жылдық форматқа көшіру мәселесін жеке қарастыру қажет деп санайды.
Оқу жүктемесі білім сапасына әсер ете ме?
Стандартты 240 академиялық кредитті төрт жылда игеру жылына орта есеппен 60 кредитті құрайды. Ал үш жылдық бағдарламада бұл көрсеткіш 80 кредитке дейін өседі. Демек, студенттің жылдық оқу жүктемесі шамамен үштен бірге артады. Бұл жүктемеге аудиториялық сабақтармен қатар, өзіндік жұмыс пен өндірістік практика да кіреді.
Алайда оқу мерзімінің қысқаруы өздігінен білім сапасының төмендейтінін білдірмейді. Qazaq Expert Club жанындағы білім беру саласының сарапшысы, жетекші жоғары оқу орындарында қызмет еткен, АҚШ-тың College Board ұйымының өкілі Рустам Әбіловтің айтуынша, негізгі мәселе – студенттің бағдарламаны белгіленген мерзімде қаншалықты меңгере алатынында.
– Мәселе оқу бағдарламасын күнтізбелік үш жылға сыйғызуда емес, студенттің оны осындай қарқынмен қаншалықты сапалы меңгере алатынында. Education at a Glance 2025 есебіне сәйкес, ЭЫДҰ елдері мен серіктес экономикаларда бакалавриатқа қабылданған студенттердің орта есеппен 43%-ы ғана оқуын белгіленген мерзімде аяқтайды. Ал қосымша бір жыл берілгенде бұл көрсеткіш 59%-ға жетеді.
Бұл деректер жеделдетілген бағдарламаларды енгізгенде студенттердің оқу жүктемесі мен үлгерімін ескеру қажеттігін көрсетеді. Оқу мерзімін қысқарту дипломды ертерек алуға кепілдік бермейді. Керісінше, академиялық қарыз бен оқудан шығып қалатын студенттердің саны артса, реформадан күткен нәтиже болмауы мүмкін, – деді Рустам Әбілов.
Сондықтан сарапшы оқу мерзімін қысқартудан бұрын қолданыстағы бағдарламалардың тиімділігін бағалауды ұсынады. Оның пікірінше, қайталанатын пәндер мен ескірген материалдарды анықтап, болашақ маманға қажетті құзыреттерді қалыптастыруға басымдық беру керек.
– Ол үшін қолданыстағы бағдарламаларға тәуелсіз бағалау жүргізіп, үш жылдық модельді кезең-кезеңімен енгізген дұрыс. Бейіндік пәндерге аудит жасап, қайталанатын курстарды қысқартып, болашақ маманға қажетті нақты құзыреттерді қалыптастыратын пәндерге басымдық беру қажет.
Білім сапасын бағалау тәсілін де өзгерту керек. Қазір оқу үдерісі көбіне сағат, кредит және пән саны арқылы өлшенеді. Алайда бұл көрсеткіштер білімнің нәтижесін емес, көлемін ғана көрсетеді. Сондықтан «студент қанша сағат дәріс тыңдады?» деген өлшемнен «ол нені меңгерді, қандай дағды қалыптастырды?» деген бағалау жүйесіне көшуіміз қажет, – деді Рустам Әбілов.
Бағдарламаларды оңтайландыруда жалпы білім беретін пәндердің үлесін де ескеру маңызды.
Сарапшы Жазира Асанованың айтуынша, оларды қажетті және қажетсіз деп бөлуге болмайды. Өйткені болашақ мамандыққа тікелей қатысы жоқ пәндердің өзі сыни ойлауды, азаматтық жауапкершілікті және күрделі қоғамдық үдерістерді түсіну қабілетін қалыптастырады.
Қазақстанның мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты бойынша бакалавриаттың 240 кредитінің 56-сы жалпы білім беретін пәндер цикліне тиесілі. Оған шет тілі, қазақ немесе орыс тілі, Қазақстан тарихы, философия, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, әлеуметтік-саяси білім модулі және дене шынықтыру кіреді.
Сонымен бірге студенттердің бастапқы дайындық деңгейі бірдей емес. Мысалы, ағылшын тілін немесе цифрлық сауаттылығын жеткілікті деңгейде меңгергенін растай алатын студентке базалық курстарды қайта оқудың қажеті болмауы мүмкін. Мұндай жағдайда бұрын қалыптасқан білім мен дағдыларды бағалап, тиісті оқу нәтижелерін кредит ретінде тануға болады.
Қазақстанда колледж және жоғары оқу орындарының түлектері үшін мұндай тәжірибе бар. Жекелеген университеттер Назарбаев Зияткерлік мектептерінің түлектері меңгерген пәндерді де есепке алады. Мысалы, Нархоз университеті ағылшын тілі, информатика, математика және басқа пәндер бойынша мектепте алған білімді университеттік курстармен сәйкестендіру мүмкіндігін қарастырған.
– Егер студент белгілі бір құзыретті меңгергенін растай алса, оның бос уақытын кәсіби даярлыққа, ғылыми-зерттеу жұмыстарына және практикаға бағыттауға болады. Әрине, мұндай қайта есептеу білім беру бағдарламасына қойылатын талаптарға сәйкес жүргізілуі тиіс, – деді Жазира Асанова.
Шетелдік тәжірибе Қазақстанға қаншалықты сай келеді?
Үш жылдық бакалавриат халықаралық тәжірибеде кең таралған. Алайда әр елде оқу мерзімі мен бағдарламаның мазмұны мамандықтың ерекшелігіне қарай белгіленеді.
Мысалы, Нидерландта зерттеу университеттері (WO) 180 ECTS кредиттік үш жылдық бакалавриат ұсынады. Ал қолданбалы ғылымдар университеттерінде (HBO) практика мен кәсіби даярлыққа басымдық беретін 240 ECTS кредиттік төрт жылдық бағдарламалар бар.
Германиядағы Duale Hochschule Baden-Württemberg университетінде 210 ECTS кредиттік үш жылдық дуальды бакалавриат жүзеге асырылады. Студенттер теориялық оқуды кәсіпорындағы практикамен шамамен әр үш ай сайын алмастырады. Оқуға түсу үшін серіктес компаниямен келісімшарт жасасып, оқу барысында жалақы алады. Яғни маман даярлауға университет пен жұмыс беруші қатар қатысады.
Францияда стандартты Licence бағдарламасы үш жылға созылып, 180 ECTS кредитін қамтиды. Одан кейін студенттер екі жылдық магистратурада тағы 120 ECTS кредитін меңгере алады.
Дегенмен бұл модельдерді Қазақстанмен тікелей салыстыруға болмайды. Еуропада үш жылдық бакалавриат көбіне 180 ECTS кредитін қамтыса, елімізде осы мерзімде 240 академиялық кредитті игеру көзделеді. Сонымен қатар екі жүйедегі кредиттің оқу жүктемесіне қатысты нормативтік анықтамалары да әртүрлі.
Осы орайда Рустам Әбілов бизнес өкілдерінің білім беру процесіндегі рөлін күшейтуді ұсынады.
– Бизнес өкілдері білім беру бағдарламаларын талқылауға ғана емес, оларды жүзеге асыруға да қатысуы керек. Атап айтқанда, студенттерге практика орындарын ұсынып, нақты өндірістік міндеттерді айқындап, кәсіби дағдыларын бағалауға атсалысуы маңызды, – деді ол.
Сарапшы үш жылдық бакалавриатты үздіксіз білім беру жүйесінің бір кезеңі ретінде қарастыру қажет деп санайды. Яғни түлек білім алып, еңбек нарығына шыққаннан кейін де кәсіби қажеттілігіне қарай университетке оралып, жаңа құзыреттерді меңгере алады. Бұл үшін қайта даярлау бағдарламаларын, микробіліктіліктерді және бейресми білім нәтижелерін тану тетіктерін дамыту маңызды.
Тиімділігі қалай бағаланады?
Сарапшы Жазира Асанованың айтуынша, әзірге үш және төрт жыл оқыған түлектердің жұмыс берушілер тарапынан қалай бағаланатынын немесе бір форматтың артықшылығын дәлелдейтін салыстырмалы деректер жеткіліксіз. Сондықтан екі модельдің нәтижесін жұмысқа орналасу деңгейі, жалақы, кәсіби сертификаттау және жұмыс берушілердің бағасы арқылы салыстыру маңызды.
Бұл көрсеткіштердің өзектілігін ЭЫДҰ деректері де аңғартады. Education at a Glance 2026 есебіне сәйкес, ұйымға мүше елдерде 25–64 жастағы жоғары білімді азаматтардың жұмыспен қамтылу деңгейі орта есеппен 87%-ды құрайды. Ал 2023–2025 жылдары жоғары білімі бар жастар арасындағы жұмыссыздық 0,4 пайыздық тармаққа өскен.
– Оқу бітіргеннен кейінгі 6 және 12 айдағы жұмысқа орналасу деңгейін, жалақысын, кәсіби сертификаттау нәтижелерін, қосымша даярлықсыз міндеттерді орындай алу қабілетін және жұмыс берушілердің бағасын салыстыру қажет, – деді Жазира Асанова.
Қазақстанда бұл бағытта арнайы талдау жүргізіледі. 2027 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, үш жылдық оқу форматына зерттеу жасайды. Оның аясында маман даярлауға жұмсалатын шығындар, түлектердің жұмысқа орналасуы мен табысы және жұмыс берушілердің қанағаттану деңгейі бағаланады. Зерттеу қорытындысы оқу мерзіміне қатысты кейінгі шешімдерге негіз болмақ.