Үш жылға сотталған атыраулықтың жазасы бас бостандығын шектеуге ауыстырылды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған Ч.-ға қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіпте қайта қарады.

Атырау облыстық соты баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, бірінші сатыдағы сот үкімі бойынша Ч. алаяқтық қылмысын жасаған. Жәбірленушілерге жұмысқа орналастыру туралы жалған уәде беріп, бірнеше рет ақшасын жымқырған.
«Аудандық соттың үкімімен күдікті ҚР Қылмыстық кодеекстің 190-бабының 3-бөлігінің 4-тармағымен кінәлі деп танылды. Оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Алайда, алаяқтық бабымен сотталған Ч. мен оның қорғаушысы сот үкімімен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Сотталған Ч. апелляциялық шағымында залалдың орны толғанын, жасаған әрекетіне өкінетінін көрсеткен. Сондықтан, сот үкімін өзгертіп, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрапты. Ал адвокаты жәбірленушілердің қоятын талабы жоқ екенін ескеруді, сол себептен, Ч.-ға жеңіл жаза тағайындауды ұсынған.
Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталған тұрғынның жеке басын зерделеп, мынадай жайтқа назар аударған. Сотталушының зайыбы жұмыссыз, кәмелет жасына толмаған 2 баласы бар. Ал, анасы – екінші топтағы мүгедек. Ч. қылмыспен келтірілген 473 мың теңге залалды толығымен өтеген.
«Сот алқасы осы жайттарды ескеріп, сот үкімін өзгертуге, сотталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің санкциясымен көзделген бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауға мүмкіндік бар деген тұжырымға келді. Сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгертіліп, Ч.-ға аталған баптың 3-бөлігінің 4-тармағымен 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», - деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда көпбалалы ана тұрғын үй кезегінен заңсыз шығарылғанын жазған едік.