Үш жылда 30-дан аса тарихи-мәдени мұрамен жұмыс істеу көзделіп отыр - «Қазқайтажаңғырту» директоры
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстан аумағында маңызы зор 14 тарихи ескерткіш қалпына келтіріледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Қазқайтажаңғырту» Республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Қанат Тұяқбаев мәлім етті.
«2015-2017 жылдарға арналған үш жылдық жоспарымызға сәйкес, 30-дан аса тарихи-мәдени мұрамен жұмыс істеу көзделген. Солардың ішінде 14 ескерткіш биыл қалпына келтіріледі. Осы ескерткіштердің бір-екеуіне тоқталар болсам, IV-VII ғасырларға жататын Бесшатыр қорғанын толық қалпына келтіру жоспарда бар»,-деді ол.
Түркістан, Сауран, Сығанақ қалалары Қазақ хандығының маңызды орталықтары болғанына тоқталған Қ. Тұяқбаев, «Сауран қаласындағы XV, XVI, XVII ғасырларда салынған тарихи-мәдени ескерткіштерге зер салар болсақ, құрылымдардың көпшілігу оқу орындарына арналған болатын. Яғни, сол заманда қабырғасы қаланған мешіт-медреселер оқыту мақсатында салынған. Сауран қаласының аумағындағы мешіт-медреселер қалпына келтіріліп, ашық аспан астындағы музейге айналған»,-деді.
Осы орайда ол өзі басқарып отырған кәсіпорынның негізі жұмысы - қазақ жеріндегі тарихи, мәдени ескерткіштерді сақтап қалу, қалпына келтіру, оларды ашық аспан астындағы музейге айналдыру, елімізге келетін шетелдік қонақтарға қазақ тарихын, Қазақстанның ескерткіштерін паш ету арқылы Қазақстанның сол заманнан бастап осы кезге дейінгі тарихының алатын орнын көрсету екенін атап өтті.
«2004 жылы Елбасының бастамасымен қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында 73-тен аса республикалық маңызы бар тарихи-мәдени руханият ескерткіштері қалпына келтірілді»,-деді Қанат Тұяқбаев.