Үш жылда Алматыда 17 медициналық мекеме, 71 мектеп салынады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 2025 жылға дейін 17 медициналық мекеме мен 71 мектеп салынады. Бұл туралы қалалық мәслихат отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үш жылда Алматыда 17 медициналық мекеме, 71 мектеп салынады

2025 жылдың соңына дейін бюджет есебінен Наурызбай, Алатау, Медеу және Түрксіб аудандарында қаланың 170-190 мың тұрғынына қызмет көрсететін кемінде 17 отбасылық-дәрігерлік амбулатория мен толыққанды емхана салынатын болады.

Бюджет есебінен 2025 жылдың соңына дейін 10 мың орындық балабақша пайдалануға беріледі. Құрылыс салушылармен жасалған меморандум бойынша 2025 жылдың соңына дейін 10 мың орынға арналған балабақшалар салу қарастырылған, 2030 жылға қарай балабақшаларда тағы 5 мың орын ашылады.

«2025 жылдың соңына дейін қалада 71 мектеп салу жоспарда, оның ішінде қала бюджеті есебінен – 23 мектеп және қосалқы нысандар. Ал қалғандары жеке қаражат есебінен салынады, оның ішінде құрылыс салушылармен жасалған меморандумдар аясында 16 мектеп және қосалқы нысандар қарастырылған», - деп хабарлады әкімдіктен.

Бұдан басқа, 2025 жылдың соңына дейін Алатау, Бостандық, Наурызбай және Түрксіб аудандарында қосымша білім беруді дамыту бойынша 4 заманауи орталық ашылатын болады.