Үш жылда Қарағанды облысының индустриясына 1 трлн теңге бағытталған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы әкімдігінде ИИДМБ жүзеге асырылу барысын талқылаған аппараттық жиналыс өтті, деп хабарлайды өңір әкімдігінің ресми сайты.

Үш жылда Қарағанды облысының индустриясына 1 трлн теңге бағытталған

Қарағанды облысында индустриалды-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың үш жылында АЖӨ-дегі (аймақтық жалпы өнім) өнеркәсіптік өндіріс деңгейі 49,5% құраған. 2015-шы жылмен салыстырғанда өсім 6,2% жетті. Аймақ АЖӨ-дегі өңдеуші сектордың үлесі бойынша елімізде бірінші орынға ие. 

- Қайта өңдеу секторының өндіріс қарқыны 2017 жылы 2015 жылмен салыстырғанда 1,7 есеге ұлғайған. Бұл өсім ИИДМБ басым секторларында өндірістің ұлғаюымен байланысты: түрлі-түсті және қара металлургия, машина құрылысы, химиялық өнеркәсіп өндірісі, азық-түлік өндірісі, құрылыс материалдарын өндіру. Өңдеу өндірісінің көлемі 2017 жылы 1,8 трлн теңгені құрады, - деп мәлімдеді Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайрат Шорманбаев.

Өңдеу секторындағы еңбек өнімділігі бір жұмыскерге 32,7 мың долларға дейін жетті, үш жылда бұл көрсеткіш 30%-ға дейін ұлғайған.

- Жалпы үш жылда мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында негізгі капиталға құйылған инвестиция 1 трлн теңгені құрады, оның ішінде өңдеу секторы - 280 млрд теңге. Кәсіпкерлерді қолдау картасына жалпы сомасы 771 млрд теңгеден асатын 103 жоба енгізілді, ол өз кезегінде 11 мың жаңа жұмыс орнының пайда болуына септігін тигізеді, - деп атап өтті Қайрат Шорманбаев.

Үш жылда облыста индустрияландыру бағдарламасы бойынша 84 жаңа өндіріс іске қосылды. Орташа есептегенде ай сайын Кәсіпкерлерді қолдау картасы бойынша енгізілген кәсіпорын 8 млрд теңгеге өнім шығарады.

- 2018 жылы жалпы сомасы 42 млрд теңгені құрайтын және 700-ге жуық жаңа жұмыс орындарын құратын 4 ірі жобаны іске қосу жоспарланып отыр, - деп мәлімдеді Қайрат Шорманбаев.

Қарағандыда целлюлоздық-қағаз комбинаты салынады. Шет ауданында катодтық мыс шығаратын жаңа зауыт пайда болады. 
Maker ЖШС облыс орталығында машина құрылыс өндірісін жаңғыртады. Ақтоғай ауданында "Алтыналмас" компаниясы Пустынное кен орнында алтын шығаратын фабриканың өнімділігін ұлғайтпақ.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов өнеркәсіптегі өсім қарқынын төмендетпеуді, барлық жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуді тапсырды.