Үш жылда ұрланған ақшалай қаражаттың тек 17% ғана өтелген - Бас прокуратура
Кеңес отырысына Президенттің Көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғабит Байжанов, Үйлестіру кеңесінің мүшелері, Президент Әкімшілігі мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Отырыста қылмыс арқылы мемлекетке келтірілген залалды өтеу және шетелден ұрланған активтерді қайтару бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды.
«2015 жылдан бастап ұрланған ақшалай қаражаттың тек 17% ғана өтелген.
Тергеу органдарының қызметі күдіктілердің активтерін іздеуге және қамауға алуға бағытталмағаны айтылды. Прокурорлар іріктеп тексеру арқылы өз активтерін сатқан және шығарған қылмыскерлердің мүлкіне тыйым салмаудың 86 фактісін анықтады», - делінген хабарламада.
Адамдар жауаптылықтан босатылған қылмыстық істер бойынша тиісті талап-арыз жұмысы жоқ.
Осыған байланысты, Бас рокурор құқық қорғау органдарының атына ұрланған қаражатты анықтау және мемлекет пен азаматтарға қайтару бойынша шаралар кешенін қабылдау туралы тиісті нұсқау әзірлеуді тапсырды.
Ол уәкілетті ведомстволарды да қылмыстық активтерді іздеу мен тұтқындаудың озық әдістерін, оның ішінде шетелдік әріптестердің қаржылық барлау бөлімшелерінің мәліметтерін пайдалана отырып, оларды неғұрлым белсенді қолдануға шақырды.
Әділет министрлігіне борышкерлердің мүлкін автоматты түрде тексеру үшін ІТ-жүйесін жетілдіруді жеделдету, сондай-ақ сот орындаушыларының жауапкершілігін арттыру міндеті қойылды.
Отырыс қорытындысы бойынша Үйлестіру кеңесінің 2019 жылдың 1-жартыжылдығына арналған жұмыс жоспары бекітілді, онда Мемлекет басшысының тапсырмаларынан туындайтын және азаматтардың құқықтарын қорғауға байланысты өзекті мәселелер көзделген.