Үш жылдық үзілістен кейін «Мысыр аруы» байқауы өтеді

ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат - Мысырда үш жылдық үзілістен кейін «Мысыр аруы» байқауы өтеді.

Үш жылдық үзілістен кейін «Мысыр аруы» байқауы өтеді

Байқау Шарм-эль-Шейх курорттық қаласында өтеді. 18 үміткерді тоғыз адамнан құралған қазылар алқасы бағалайды. Оның ішінде бұрынғы «Мысыр аруы» Дония Хамед пен мысырлық модельер Хани әл -Бехейри бар.

Ұйымдастыру комитетінің төрағасы Карим Хусейн 2011 жылы көтерілістен кейін байқауды өткізуді тоқтатуға мәжбүр болғанын айтты. Онымен қоса «Ағайынды мұсылмандар» діни ұйымы мұндай шоуларды құптамаған.

Байқаудың бас ұйымдастырушысы және қазылар алқасының төрағасы Юсед Спахи сұлуларға қойылатын талаптар күшейтілетінін айтты. Оның сөзіне қарағанда, қыздардың сыртқы сұлулығымен бірге, олардың білімі, Мысыр мәдениеті мен мұрасын білу деңгейі де бағаланады. Жеңімпаз бірнеше тілді білуі тиіс, дейді ұйымдастырушылар.

Байқау жеңімпазы «Әлем аруы», «Жер аруы» және «Жер жүзінің аруы» байқауларында ел намысын қорғайды. Сонымен қатар оған құнды сыйлықтар, оның ішінде автомобиль мен зергерлік бұйымдар тарту етіледі.