Ұшақ апатына қатысты әртүрлі алыпқашпа әңгімелерді таратуға болмайды – Мәулен Әшімбаев

АСТАНА. KAZINFORM – Бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желіде Ақтау маңыңда Azerbaijan Airlines ұшағының апатқа ұшыруы оқиғасы бойынша әртүрлі алыпқашпа әңгімелерді таратуға болмайды. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті.

Ұшақ апатына қатысты әртүрлі алыпқашпа әңгімелерді таратуға болмайды – Мәулен Әшімбаев
Фото: senate.parlam.kz

- Әуе көлігінің апаты салдарынан үлкен трагедия болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, жұмысын бастап кетті. Зардап шеккен адамдарға тиіс көмек беріліп жатыр. Атап айтсақ, бұл оқиға бойынша әртүрлі алыпқашпа әңгімелерді таратуға болмайды. Қазір негізсіз, атүсті жасалған сараптаулар аясында түрлі қауесет таратпау керек. Өйткені, апат болған жерден түсірілген видеолар мен фотолар тарап жатыр ғой. Оны таратудың ешқандай қажеті жоқ деп есептеймін, себебі оларда қайтыс болған адамдардың денелері жатқаны көрініп тұр. Сондықтан бұл тұрғыда этикалық нормалар бар, - деді М.Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның пайымынша, бұл оқиға бойынша алыпқашпа әңгімелердің тарауы халықтың арасында шындыққа сәйкес келмейтін көзқарасты қалыптастыруы мүмкін.

- Сондықтан сабыр сақтауымыз керек. Арнайы комиссия жұмысын бастады, Қазақстан Үкіметі бұл мәселемен тығыз айналысып жатыр. Әзербайжан, Ресейдің де тиісті мемлекеттік органдарының өкілдері анықтау жұмыстарына қатысып отыр. Мемлекеттердің құзыретті органдары барлық тиісті жұмыстар атқарылғаннан кейін, өздерінің ақпаратын халыққа жеткізеді. Атап айтқанда, нақты ақпарат жарияланғанға дейін түрлі қауесет тарату дұрыс емес деп санаймын, - деді Сенат төрағасы.

Айта кетейік, 25 желтоқсанда Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты. 

Еске салсақ, Әзербайжан елордасы Бакуден Ресейдің Грозный қаласына бағыт алған Azerbaijan Airlines ұшағы Қазақстан аумағында апатқа ұшырады.

Ақтаудағы ұшақ апатының хронологиясы жарияланды. 

Ақтаудағы әуе апатынан мерт болған қазақстандықтар анықталды. 

Кейіннен ұшақ апатынан қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетілетіні айтылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтты.