Ұшақ апатынан зардап шеккендерге 22 жедел жәрдем көлігі келді – Вице-министр

АҚТАУ. KAZINFORM – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов Ақтауда апатқа ұшыраған жолаушылардың қандай жарақатпен келгенін айтып берді.

Ұшақ апатынан зардап шеккендерге 22 жедел жәрдем көлігі келді
Фото: Видеодан алынған кадр

– Қазір Маңғыстау облысының медициналық мекемелерінде 29 адам ем алып жатыр – 27 ересек және 2 бала. Олар әртүрлі жарақаттармен түсті, атап айтқанда: бас, кеуде қуысы және құрсақ қуысының жарақаттары, сондай-ақ әртүрлі сынықтар бар. Бұл азаматтарға толыққанды медициналық көмек көрсетілуде, - деді вице-министр Ақтауда өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, Т. Мұратов ешқандай ресурстардың, соның ішінде қан тапшылығы жоқ екенін атап өтті.

– Қазіргі уақытта санитарлық авиациямен келген республикалық деңгейдегі мамандар жұмысқа кірісіп кетті, олар науқастарды қарап, жергілікті әріптестеріне қосымша кеңес беріп жатыр. Сонымен қатар, барлық зардап шеккендерді дер кезінде жеткізу және эвакуациялау ұйымдастырылды, оларға 22 жедел жәрдем бригадасы және 6 Апаттар медицинасы орталығының бригадасы жұмылдырылды, - деді Т. Мұратов.

Бұған дейін хабарланғандай, Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев ұшақ апатының алдын ала себебін айту мүмкін емес екенін хабарлады.  

Марат Қарабаев өкінішке қарай ұшақ бортында болған барлық қазақстандық мерт болғанын айтты. 

 

 

Соңғы жаңалықтар