Ұшақ апаты: профессор Артықбаев 17- авиарейске шыққан
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Кардиология және ішкі аурулар ғылыми- зерттеу институтының қызметкерлері ұшақ апатынан қаза болған әріптестері Жәнібек Артықбаевтың отбасына материалдық көмек көрсетпек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін дәрігерлер марқұмның қандай маман болғандығын еске алды.
Анестезиолог-реаниматолог, профессор Артықбаев 19 қыркүйекте 60 жылдығын тойлаған. 30 жылдық еңбегінде мыңдаған адамның өмірін құтқарып қалған.
«Менің әріптесім өз ісінің маманы болатын. Күрделі жүрек оталары кезінде, жүректі тоқтатқан кезде де ота сәтті аяқталатын. Соңғы уақытта ол тәлімгерлікпен айналысты. Өзінің тәжірибесін, білім жастарға мұра етіп қалдырды. 2015 жылдан бері ол 17 рет авиарейспен қатынаған», - деді Институт директорының орынбасары Құрманғазы Мадалиев.
Марқұммен 14 жыл қатар жұмыс жасаған досы әрі әріптесі Исматулла Камалов та қайғылы оқиғаға қатысты ойын білдірді.
«Ол тек қана Алматыда ғана емес, барлық Қазақстанда сыйлы азамат болатын. Ол әр іске мұқият болатын. Амал қанша, осы жолы кесте бойынша Жәнібектің кезегі келді», - деді ол.
Институт қызметкерлері қаза болған әріптестерінің отбасына көңіл айтып, материалдық көмек көрсетуге дайын екендіктерін айтты.
