Ұшақ билетінің бағасы қалай белгіленеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Әуе билеттерінің бағасы нарықтағы сұранысқа қарай автоматты түрде реттеледі. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Ашық сағат алаңында» айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұшақ билетінің бағасы қалай белгіленеді

Азаматтық авиация комитетінің өкілдері қазақстандық әуе компаниялардың жетекшілерімен кездесіп, әуе билеттері бағасын белгілеу мәселесін талқылады. Басқосуға Air Astana, Fly Arystan, Scat, Qazaq Air, «Южное небо» және «Оңтүстік» сынды авиа тасымалдаушылардың басшылары қатысты.

«Жыл сайын жолаушылар ағыны шамамен 10 пайызға өсіп келеді. Мәселен, отандық авиакомпаниялар 2022 жылдың алғашқы 8 айында ішкі және халықаралық бағыттар бойынша 6,9 млн адам тасымалдаған. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға жоғары. Ал пандемияға дейінгі, яғни 2019 жылғы көрсеткіштен 23 пайызға артық. 2021 жылы ішкі нарықтың өзінде 7,5 млн адам тасымалданды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда 64 пайызға көп», - деп атап өтті Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева.

Авиакомпаниялар басшылары қолданыстағы әуе билеттерінің тарифтік бағамдары мен баға белгілеу механизмін таныстырды.

Сонымен қатар, жиын барысында халықаралық және ішкі бағыттар бойынша бір шақырымға белгіленген жоғары және төменгі шектегі тарифтерді белгілеу саясаты талқыланды. Бұл ретте қазақстандық тасымалдаушылардың тариф құны шетелдік авиакомпаниялармен салыстырғанда едәуір төмен екені аталып өтті.

Мамандардың айтуынша, билет бағасы нақты бағыттар бойынша сұраныс пен ұсыныс, маусымдық және тәуліктік құбылу, билет сатып алу кезіндегі борттағы жүктеменің артуына қарай айқындалып, белгіленеді. Сондай-ақ, оның құны аэронавигациялық және әуежайдағы түрлі қызметтерден, авиа жанармай мен амортизациялық шығындардан құралады.

Аталып өткеніндей, әуе билеттерінің бағасы арнайы реттелмейді, авиа тасымалдаушылар динамикалық баға белгілеуді қолданады. Былайша айтқанда, билеттердің құны нарықтағы сұранысқа қарай автоматты түрде реттеледі. Егер ҚР Кәсіпкерлік Кодексінің талаптарына сәйкес бәсекелестікті қорғау бойынша заңнама бұзылса, монополияға қарсы ден қою шаралары қолданылады.