Ұшақ билеттерінің бағасы неге қымбат: Алматы әуежайының президенті мәлімдеме жасады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы халықаралық әуежайының президенті Гокер Косе ұшақ билеттерінің қымбаттығына әуежай жауапты емес екенін айтты.

Алматы әуежайының президенті мәлімдеме жасады
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Әлеуметтік желілерде әуежай қызметтері ұшақ билеттерінің құнына айтарлықтай әсер ететіні туралы ақпарат тарады.

Гокер Косе әуежайлардың жоғары билет бағасының қалыптасуына қатыспайтынын жеткізді.

Айтуынша, әлем бойынша әуежай алымдары әуекомпаниялардың жалпы шығындарының тек 4 пайызы ғана. Қазақстанның ішкі авиакомпаниялары Азиядағы ең төмен әуежайлық алымдардың бірін пайдаланады, бұл елдің авиациялық секторы үшін айтарлықтай бәсекелестік артықшылық. Бұдан басқа, олар үшін жергілікті авиациялық отын төмен бағада тікелей қол жетімді.

— Алматы әуежайы ұшақ билеттерінің жоғары бағасына жауапты деген тұжырымды жоққа шығарады. Шын мәнінде, әуежайлар ұшырайтын экономикалық қиындықтарды ескерер болсақ, жылдар бойы инфрақұрылымға инвестициялар аз салынды. Бұл өз кезегінде объектілер мен қызметтерді дамыту мен жаңғыртуды қиындатады. Дегенмен, біз жолаушылар үшін қауіпсіздік пен жайлылықтың жоғары деңгейін қамтамасыз етуді жалғастырамыз, — деді ол.

Сонымен қатар, ол авиациялық отын компаниялар шығындарының едәуір бөлігін құрайтынын және бұл құбылыс бүкіл әлем бойынша барлық әуетасымалдаушыға тән екенін атап өтті.

— Алайда, әуекомпаниялар шығындарды басқарудың түрлі тетіктерін пайдалана отырып, билеттердің бағасын оңтайландыра алады. Бұл ретте әуежайлардың қаржылық жағдайының нашарлауы авиакомпаниялар үшін де, соңғы жолаушылар үшін де жағдайды жақсартуға ықпал етпейді, — деп түсіндірді Гокер Косе.

Сонымен қатар, ол барлық мүдделі тарапты, соның ішінде мемлекеттік мекемелерді саладағы жағдайды жақсарту үшін шешімдер іздеуге шақырды.

Осыған дейін Энергетика министрі ұшақ билетінің бағасын әуежайлар қымбаттатып отырғанын айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар