Ұшақ бортында темекі шеккен 204 адам жауапқа тартылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Өткен жылы әр түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған үшін 549 жолаушы әуе рейстерінен түсірілді.
Көлік полицейлері бір жыл ішінде түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 549 құқық бұзушыны әуе рейстерінен түсіріп алған. Оның ішінде алкогольдік ішімдіктерді ішкен және қоғамдық орындарға мас күйінде келген 276, ұшақ бортында темекі шеккен 204, ұсақ бұзақылық жасаған 35, әуе кемесінде мінез-құлық ережелерін бұзғаны 29 жолаушы бар.
Мәселен, Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері «Фукуок-Алматы» бағытындағы рейсінен ұшақ командирінің актісі бойынша деструктивті жолаушыны түсіріп алды.
Тексеру барысында полицейлер Алматы қаласының 42 жастағы тұрғынын анықтады. Ол ұшу кезінде масаң күйінде болып өзін дөрекі ұстаған, экипаждың талаптарын орындамай, балағат сөздер айтып, темекі шеккен болып шықты.
Құқық бұзушыға қатысты қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені, әуе кемесінің бортында темекі бұйымдарын тұтынғаны, ұсақ бұзақылық жасағаны, әуе кемесіндегі мінез-құлық қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылып, материал сотқа жолданды. Ал, сот шешімімен құқық бұзушыға 5 тәулікке қамауға алу түрінде әкімшілік жаза қолданылды.
- Естеріңізге сала кетейік, ұшақта өзін дөрекі ұстап, ережелерге бағынбау жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Сондықтан экипаждың айтқан нұсқаулықтарын орындап, ұшақ бортындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет, - делінген Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.
Айта кетейік, бқдан бұрын Алматы облысында балықшыларға айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.