Ұшақ бортындағы оқиғадан кейін Flydubai Израиль рейстерін уақытша тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM – БАӘ мен Израиль арасындағы әуе қатынасының өзгеруі Дубайдан елге қайтуды жоспарлаған жолаушылардың сапарына да әсер етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Авиакомпания Flydubai приостановила рейсы в Израиль после авиаинцидента
Фото: WAM

Flydubai Дубай–Тель-Авив бағытындағы FZ1073 рейсінде болған оқиғаның мән-жайы анықталғанша Израильге және Израильден қатынайтын барлық рейсті уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл ақпаратты компания өкілі растады.

Рейстердің уақытша тоқтатылуы тиісті органдарға тергеуді жалғастырып, оқиғаның мән-жайын толық анықтауға мүмкіндік береді, — делінген компания мәлімдемесінде.

Әуе тасымалдаушы компания құзырлы органдармен, авиация саласының реттеуші құрылымдарымен және әуежайлармен бірлесіп жұмыс істеп жатқанын айтты. Рейстерді қайта бастау туралы шешім жаңа мәліметтер түскен сайын қайта қаралып отырады. Әзірге рейстердің нақты қашан іске қосылатыны белгісіз.

Оқыс жағдай 30 қыркүйек күні таңертең тіркелген. Ұшақ кабинасында болған оқиғадан кейін экипаж төтенше жағдай туралы белгі беріп, Сауд Арабиясындағы Табук әуежайына шұғыл қонған. Борттағы жолаушылардың барлығы аман-есен түсіріліп, сол күні кешке Flydubai-дың басқа рейсімен Израильге жеткізілген.

Израиль билігі мен жолаушылардың хабарлауынша, екінші ұшқыш әуе кемесінің командиріне пышақ сұққан. Осыдан кейін ұшақ күрт төмендей бастаған. Сол кезде жолаушылар шабуыл жасаған ұшқышты ұстап, оны залалсыздандырған.

Әуе компаниясының хабарлауынша, ұшақты бортта жолаушы ретінде отырған, кезекшілікте болмаған Flydubai ұшқыштары қауіпсіз жерге қондырған.

Оқиғаның мән-жайы әзірге тергеріліп жатыр. Әуе компаниясы тергеу аяқталғанша, асығыс шешім жасамауға шақырды.

Рейстердің тоқтатылуына байланысты Дубайда қалып қойған азаматтарын елге қайтару үшін Израиль эвакуациялық рейстер ұйымдастыруға дайындалып жатыр.

Ynet басылымының хабарлауынша, қауіпсіздік шараларын пысықтау үшін Израильдің ішкі қауіпсіздік қызметі «Шабак» өкілдері БАӘ-ге аттанған. Эвакуациялық рейстерді 2 қазаннан бастап іске қосу көзделіп отыр.

Соңғы бірнеше айда қауіпсіздікке қатысты Израильдің әуе компаниялары БАӘ-мен әуе қатынасын тоқтатқан еді. Ал Израильдің «Эль-Аль» әуе компаниясы қараша айында Дубайға тұрақты рейстерді қайта бастауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Алайда бұл үшін Израиль билігінің тиісті рұқсаты қажет.

Сонымен қатар жолаушылар әуе кемесінің бортында не болғанын және ықтимал апаттың қалай алдын алғанын баяндағанын жазған едік.