«Ұшақта бомба бар»: Елорда әуежайында айғайлаған жолаушы қамауға алынды
21 тамыз сағат 10.00-де Нұр-Сұлтан қаласының әуежайындағы желілік полиция бөліміне Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы терминалының стерильді аймағында Нұр-Сұлтан – Анталья рейсіне жолаушыларды отырғызу кезінде 44 жастағы жолаушы бірнеше рет «ұшақта бомба» деп айғайлағаны туралы хабарлама түскен. Ер адам мас күйде болған.
«Әуежайдың борты мен стерильді аймағы дереу тексерілді. Оның барысында қандай да бір жарылғыш құрылғылар мен басқа да тыйым салынған заттар табылған жоқ. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабымен (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) сотқа дейінгі тергеу басталды.
ҚР Қылмыстық кодексінің осы бабына сәйкес бес жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Күдікті өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта ол Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес, өзге мәліметтер тергеу мүддесіне орай жария етілмейді», - делінген полиция хабарламасында.
Айта кетейік, 23 тамыз күні астанада бірнеше ғимаратқа «бомба» қойылғаны туралы хабарланған болатын.